2025 жылғы 1 мамыр күні Нұра кентіндегі «Жастар» алаңында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған салтанатты шара жоғары деңгейде өтті. Алаң мерекенің тақырыбына сай безендіріліп, ұлттық нақыштағы ту конструкциялары орнатылды.
Мерекелік бағдарлама «ЕҢБЕКШІ НҰРАЛЫҚТАР – БІР ШАҢЫРАҚ АСТЫНДА» атты театрландырылған шеруімен ашылды. Шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп, еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың татулығы мен бірлігін айқындады.
Шеру барысында ауданның барлық мекеме-ұжымдары мен ұйымдары, білім беру және мәдениет саласының өкілдері, спортшылар мен кәсіпкерлер, еңбек ардагерлері мен жастар бір шаңырақ астында бас қосып, түрлі ұрандармен сап түзеді. Әр колонна белгілі бір тақырыпты қамтып, еңбек мамандықтарының маңызын, жастардың рөлін, отансүйгіштік пен бірлік идеясын жеткізді.
Іс-шараның ресми бөлімінде аудан әкімі Бақытжан Мылтықбайұлы Мұқанов құттықтау сөз сөйлеп, халықты мерекемен құттықтады. Сонымен қатар аудандық мәслихаттың төрағасы Қуаныш Жүніспековпен бірлесіп, салтанатты түрде бірқатар марапаттар табысталды. Атап айтқанда, Нұрқұлан Қасимхан мен Жазира Казимоваға аудан әкімінің Құрмет грамоталары, ал Стамбул қаласында өткен би байқауының лауреаттары — «Шұғыла» би ансамблінің қыздарына аудан әкімінің Алғыс хаттары салтанатты түрде табысталды.
Шара барысында ұлттық және заманауи әндер мен билер орындалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Шұғыла», «Салтанат», «Әсем әуен» топтарының өнері, сондай-ақ әр түрлі ұлт өкілдерінің орындауындағы билер ел бірлігінің жарқын көрінісі болды.
Мерекелік іс-шара әсем әнмен аяқталып, Қазақстан халқының татулығы мен достығын паш еткен бірегей мерекенің нышаны болды.