НҰРА АУДАНЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕНБІЛІК АУҚЫМДЫ ӨТТІ

НҰРА АУДАНЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕНБІЛІК АУҚЫМДЫ ӨТТІ

Нұра ауданы аумағында жалпыреспубликалық сенбілік өтті.

Аталған шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. Сенбілікке Нұра кентінің тұрғындары мен бюджеттік мекемелердің қызметкерлері белсене қатысып, кент аумағында жаппай ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді. Нақтырақ айтқанда, Нұра кентінде 600 түп пирамидалық терек пен жөке ағашы (вяз) отырғызылды.

Сонымен қатар, ауданның басқа да елді мекендерінде сенбілік шаралары өткізілді. Шұбаркөл кентінде «Шұбаркөл Көмір» АҚ-ның қолдауымен 50 түп ағаш терек егілді. Нұра көпсалалы колледжінің ұжымы да бұл игі істен шет қалмай, колледж аумағында ағаштарын отырғызды.

Аталған сенбілік – тек қана тазалық шарасы емес, бұл – табиғатқа деген жанашырлықтың, қоршаған ортаға құрметтің көрінісі. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру, туған жердің тазалығын сақтау – әрбір азаматтың азаматтық борышы. Мұндай шаралар арқылы болашақ ұрпаққа таза, жасыл әрі жайлы орта қалдыруға үлес қосамыз.

Айта кетсек, аталған сенбілікке жалпы аудан бойынша 159 мекеме мен кәсіпкерлер, 1037 адам қатысты.