ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕ ТАНЫЛҒАН ЖЕРЛЕС СПОРТШЫЛАР ШЕБЕРЛІГІМЕН БӨЛІСТІ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕ ТАНЫЛҒАН ЖЕРЛЕС СПОРТШЫЛАР ШЕБЕРЛІГІМЕН БӨЛІСТІ

Бүгін ауданымыздың мақтанышына айналған, халықаралық аренада еліміздің атын асқақтатқан талантты балуандар – ағалы-інілі Мақсат және Бекзат Ахметбековтердің қатысуымен ауа-тіреуіш спорт кешенінде қазақ күресінен ерекше шеберлік сағаты өтті. Бұл шараға ауданымыздың жас спортшылары, бапкерлері және спорт сүйер қауым көптеп жиналды.

Ағалы-інілі балуандар өздерінің спорттағы жетістіктерінің сырларымен бөлісіп, жас шәкірттерге күрес кезіндегі ең тиімді әдіс-тәсілдерді жан-жақты көрсетіп, түсіндірді. Олардың әрбір қимылы мен кеңесі жас спортшылар үшін үлкен сабақ болды. Шеберлік сағаты барысында балуандар өздерінің халықаралық жарыстардағы тәжірибелерімен бөлісіп, жеңіске жету жолдары мен психологиялық дайындық туралы құнды мәліметтер берді.

Аудан әкімі Бақытжан Мұқанов шараның соңында сөз сөйлеп, ағалы-інілі Ахметбековтерге туған жерге келіп, жас ұрпақпен тәжірибе бөліскендері үшін зор алғысын білдірді. Ол спортшылардың ата-аналарына да ерекше ризашылығын жеткізіп, еліміздің мақтанышына айналған осындай азаматтарды тәрбиелегендері үшін алғыс айтып, оларға естелік сыйлықтар табыстады.

Сонымен қатар, аудан басшысы ауданда спорттың дамуына үлкен мән беріліп отырғанын атап өтті. Қазіргі таңда жастардың спортпен шұғылдануы үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын, алдағы уақытта ауылдық округтерде де заманауи спорт залдарының ашылуы жоспарланып отырғанын жеткізді. Ол ағалы-інілі Ахметбековтерге бөлген уақыттары және көрсеткен жоғары деңгейдегі шеберлік сағаты үшін тағы да алғысын айтып, өз атынан алғыс хаттарын табыстап, иықтарына қазақтың дәстүрлі шапанын жапты. Бұл игі шара жас спортшыларға үлкен мотивация беріп, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыра түсті.