
Бүгін аудан әкімі Бақытжан Мұқанов білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ аудандық аурухана өкілінің қатысуымен Нұра ауданында инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері бойынша жиналыс өткізді.
Кездесу барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсетуді дамыту бойынша ұсыныстар дайындау, Нұра ауданында инклюзивті оқытуды жақсарту жолдарын қарастыру сынды бірқатар тапсырмалар берілді.
Аудан әкімі бұл мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды, себебі диагноздардың әртүрлілігіне қарамастан балалар толық қолжетімді көмек алуы тиіс, ал жергілікті атқарушы органдар ерекше балаларға кәсіби көмекті арттыруға жәрдемдесуі қажет.
Айта кетсек, инклюзивті білім беру - барлық балалардың, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың да жалпы білім беру процесіне толыққанды қатысуын қамтамасыз ететін білім беру жүйесі. Инклюзивті білім берудің маңыздылығы - әрбір баланың өзіндік қабілеттері мен қажеттіліктерін ескере отырып, сапалы білім алуға тең құқылы екендігін мойындау.
Сондай-ақ, аудан басшысы осы бағыттағы мамандарды ауданға тарту, арнайы орталықтарды ашу сияқты бірқатар жолдарын қарастыруды жүктеп тапсырды.
Аудандағы инклюзивті білім беруді дамыту бағыты бойынша жұмыстар жалғасуда.