НҰРА АУДАНЫНДА ЖАСТАР ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

НҰРА АУДАНЫНДА ЖАСТАР ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Нұра ауданы әкімдігі жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, аудан жастарына қатысты өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Кеңес жұмысына мемлекеттік органдардың, құқық қорғау саласының, денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының өкілдері, ауылдық округ әкімдері мен жастар саясатына жауапты мамандар қатысты. Отырыс барысында мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыру, жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және олардың қоғам өміріне белсенді қатысуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Күн тәртібіне сәйкес алғашқы мәселе ретінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі 2026 жылға арналған кешенді жоспардың іске асырылу барысы қаралды. Сонымен қатар аудандағы NEET санатындағы жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар, оларды жұмыспен қамту, кәсіптік оқыту мен қайта даярлау курстарына тарту бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыланды.

Кеңес барысында жастардың медициналық қызметтерді онлайн форматта пайдалану сауаттылығын арттыру, оның ішінде Damumed және басқа да цифрлық платформалардың мүмкіндіктерін кеңінен насихаттау мәселесі көтерілді. Сондай-ақ аудан жастары арасындағы құқық бұзушылықтың, қылмыстың, есірткіге тәуелділік пен лудоманияның алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндамалар тыңдалып, профилактикалық іс-шараларды күшейту қажеттігі атап өтілді.

Отырыста ауылдық округтердегі волонтерлік қызметтің дамуы, жастардың қоғамдық бастамаларға қатысуы және «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы жұмыстардың орындалу барысы да қаралды. Сонымен қатар Нұра ауданында мемлекеттік жастар саясатының тоқсандық қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.

Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жастарды қолдау шараларын күшейту, олардың жұмыспен қамтылуын арттыру, құқықтық және цифрлық сауаттылығын дамыту, волонтерлік қозғалысты кеңейту және мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарын тиімді іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Қабылданған шешімдер жастардың әлеуетін дамытуға, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға және ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласуына бағытталатын болады.