НҰРА АУДАНЫНДА БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ МЕН ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҒЫНА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛДІ

НҰРА АУДАНЫНДА БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ МЕН ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҒЫНА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛДІ

Қарағанды облысының білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына және алдағы жылыту маусымына дайындау аясында Нұра ауданына жұмыс сапарымен Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары мен облыстық білім басқармасының басшылығы келді.

Жұмыс сапарына Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов, аудандық мәслихат төрағасы Қуаныш Жүнісбеков, Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Дәулет Жекебаев, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары Арман Жұмағұлов, Ерлан Жүнісов, Андрей Карин, Александр Куприенко, сондай-ақ аудан әкімдігінің жауапты бөлім басшылары қатысты.

Мониторинг барысында делегация Егінді ауылындағы А.Асылбеков атындағы жалпы білім беретін мектепке, Ақмешіт ауылындағы С.Талжанов атындағы жалпы білім беретін мектепке, Кертінді ауылындағы М.Сүлейменов атындағы тірек мектепке, «Алтын дән» бөбекжай-балабақшасына және Нұра кентіндегі Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектепке барып, нысандарда жүргізіліп жатқан күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Сапар барысында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы, инженерлік желілердің жай-күйі, жылу жүйелерінің дайындығы, сондай-ақ жаңа оқу жылын сапалы бастауға бағытталған ұйымдастыру жұмыстары жан-жақты қаралды. Жауапты мердігер ұйымдардың өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат беріп, жөндеу жұмыстарының орындалу мерзімдері мен кезеңдері баяндалды.

Сонымен қатар, жұмыс тобы К.Мыңбаев ауылы мен Байтуған ауылындағы мәдениет үйлерінің жағдайымен танысып, күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстарын пысықтады.

Жұмыс сапары аясында «Шахтер–Егінді» облыстық маңызы бар автомобиль жолының жай-күйі де зерделенді. Аталған жол учаскесінде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу және су өткізгіш құбырларды орнату қажеттілігі атап өтіліп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін тиісті қаржыландыру мәселесін қарастыру қажеттігі айтылды.

Мониторинг қорытындысы бойынша мердігер ұйымдар мен жауапты мекемелерге жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау, құрылыс сапасына ерекше мән беру және барлық әлеуметтік нысандардың жаңа оқу жылы мен алдағы жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.