23 маусым күні Нұра аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметші күніне, Қазақстан полициясы күніне және судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға аудан басшылығы, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сот жүйесінің өкілдері, ардагерлер және аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылып, кәсіби мерекелер иелеріне арналған құттықтаулармен жалғасты. Іс-шара барысында Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік қызметшілердің, полиция қызметкерлерінің және сот жүйесі мамандарының ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық тұрақтылық пен заңдылықты қамтамасыз етуге қосып отырған үлестерін ерекше атап өтті.
Аудан әкімі өз сөзінде мемлекеттік қызметтің қоғам мен мемлекет алдындағы зор жауапкершілік екенін, ал құқық қорғау органдары мен сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы еңбегі жоғары бағалауға лайық екенін жеткізді. Сондай-ақ көпжылдық тәжірибесімен жастарға үлгі болып жүрген ардагерлерге алғыс білдіріп, барша мереке иелеріне денсаулық, отбасылық амандық және қызметтеріне табыс тіледі.
Іс-шара аясында өз қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен сот жүйесінің мамандары түрлі номинациялар, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, аудан әкімінің және Ішкі істер министрлігінің марапаттары табысталды.
Марапатталғандардың қатарында мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар адал еңбек еткен ардагерлер, бөлім басшылары, ауыл әкімдері мен жас мамандар болды. Полиция қызметкерлері де кәсіби жетістіктері мен мінсіз қызметі үшін ведомстволық марапаттарға ие болды.
Салтанатты шараның мәдени бағдарламасы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы ән-би ансамблінің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Өнер ұжымы көрермендерге патриоттық және заманауи шығармаларды ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік іс-шара мемлекеттік қызметтің, құқық қорғау және сот жүйесі қызметінің қоғамдағы маңызын айқындап, өз ісіне адал қызмет етіп жүрген мамандарға құрмет көрсетудің жарқын үлгісіне айналды.