
Бүгін Нұра ауданында білім мен еңбектің биік шыңын бағындырған мектеп түлектерін салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға аудан әкімі қатысып, «Алтын белгі» төсбелгісінің иегерлерін құттықтады.
Салтанатты жиында аудан басшысы түлектердің білім жолындағы табандылығы мен жетістіктерін ерекше атап өтіп, олардың ауданның ғана емес, еліміздің де болашағы екенін жеткізді. Сонымен қатар жас түлектерге алдағы өмір жолында сәттілік тілеп, жоғары оқу орындарында сапалы білім алып, ел дамуына үлес қосатын білікті маман болуға шақырды.
Шара барысында үздік оқу жетістіктері үшін «Алтын белгі» иегерлеріне аудан әкімінің Алғыс хаттары мен ЖШС Рамадан сүт фермасы және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер демеушілік көрсетіп 150 мың теңгелік сертификаттар табысталды. Биыл аудан бойынша жеті түлек «Алтын белгі» төсбелгісіне ие болып, республикалық және облыстық пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен түрлі зияткерлік байқауларда жоғары нәтижелер көрсеткені үшін құрметке бөленді.
Марапаттау рәсімінде түлектердің ата-аналарына да ерекше ілтипат көрсетілді. Балаларының сапалы білім алып, жоғары жетістіктерге жетуіне қосқан үлестері үшін ата-аналарға аудан әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.
Іс-шара барысында түлектер мен ата-аналар атынан сөз сөйлеп, ұстаздар мен ата-аналарға көрсеткен қолдаулары үшін ризашылықтарын білдірді. Олар мектеп қабырғасында алған білім мен тәрбиенің алдағы өмір жолдарында берік негіз болатынын атап өтті.
Салтанатты шара соңында қатысушылар аудан әкімімен бірге естелік суретке түсіп, жас түлектерге ақ жол тіледі.