
Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов Жараспай, Егінді, Кертінді және Ақмешіт ауылдарына барып, білім беру және мәдениет нысандарындағы жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.
Сапар барысында аудан басшысы аталған елді мекендердегі мектептерде жүргізіліп жатқан ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалуына ерекше назар аударды. Нысандарды аралау кезінде мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жөнінде ақпарат алды.
Сондай-ақ аудан әкімі Жараспай ауылындағы мәдениет үйінде болып, ғимараттың техникалық жағдайын және жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын бағалады. Нысандарды аралау барысында анықталған кемшіліктер бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.
Аудан әкімі құрылыс және жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуы тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасаудың маңызды шарты екенін атап өтті. Сонымен қатар барлық жұмыстарда қауіпсіздік талаптарын сақтау, құрылыс материалдарының сапасын бақылау және қаржы қаражатын тиімді пайдалану қажеттігін тапсырды.