«Bai Qymyz» ЭТНО-ГАСТРОФЕСТИВАЛЬ ҚАТЫСУШЫЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

«Bai Qymyz» ЭТНО-ГАСТРОФЕСТИВАЛЬ ҚАТЫСУШЫЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов Қарқаралы қаласында өткен аймақаралық «Bai Qymyz-2026» этно-гастрофестиваліне қатысып, аудан намысын абыроймен қорғаған Ахмет ауылының қымыз өндірушісі, жеке кәсіпкер Алексей Ефремовпен және оның отбасы мүшелерімен кездесті.

Кездесу барысында аудан әкімі фестивальге қатысушыларды құттықтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, қымыз өндіру мәдениетін дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін насихаттауға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.

– Осындай ауқымды іс-шараларда Нұра ауданының абыройын асқақтатып, өңірімізді лайықты деңгейде таныстырып жүрген азаматтардың еңбегі зор құрметке лайық. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында ата-бабадан қалған қымыз дайындау дәстүрі сақталып, келер ұрпаққа насихатталуда, – деді аудан әкімі.

Кездесу барысында Алексей Ефремов фестивальден алған әсерлерімен бөлісіп, байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Еске сала кетейік, биылғы «Bai Qymyz-2026» этно-гастрофестиваліне еліміздің әр өңірінен келген қымыз өндірушілер қатысып, «Елдің үздік қымыз өндірушісі» атағы үшін бақ сынады. Нұра ауданының атынан қатысқан жеке кәсіпкер Алексей Ефремов «Нәтиже» компаниясының басшылығы атынан Алғыс хатпен марапатталып, 250 мың теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.

Кездесу соңында аудан әкімі фестивальге қатысқан азаматтарға арнайы Алғыс хаттар табыстады. Атап айтқанда, Алексей Ефремовқа, Елена Ефремоваға, Аида Бүстекбаеваға және Серік Каримовқа ауданның қоғамдық өміріне белсенді қатысып, Нұра ауданының беделін арттыруға қосқан үлестері үшін ризашылық білдірілді.

Алдағы уақытта "Ефремов қымызы" 11-12 шілдеде Байқымыздың Астана қаласында өтетін кезеңіне дайындалмақ.