Бүгін, 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай аудан орталығындағы «Тәуелсіздік» саябағында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға аудан тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер, еңбек ардагерлері, жастар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде көтерілді. Сонымен қатар, республика бойынша бір мезетте өткен патриоттық акция аясында жиналған жұртшылық Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындады.
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігінің, ұлттық бірлігі мен тұтастығының айқын белгісі. Сондықтан бұл мереке қазақстандықтардың отансүйгіштік рухын нығайтып, жас ұрпақты елін, жерін құрметтеуге тәрбиелеуде ерекше маңызға ие.
Салтанатты рәсімнен кейін мерекелік бағдарлама жалғасып, мәдениет қызметкерлері мен өнерпаздар патриоттық әндер орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Шара барысында мемлекеттік рәміздердің тарихы мен маңызын дәріптейтін концерттік нөмірлер ұсынылды.
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған мерекелік іс-шаралар қатысушылардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін арттырып, ел бірлігін нығайтуға бағытталды.