
2026 жылғы 15 сәуір күні Нұра ауданында аудан әкімінің орынбасары С.С. Мұқанованың төрағалығымен азаматтарды мерзімді әскери қызметке көктемгі шақыру және жұмылдыру дайындығы мәселелері бойынша жұмыс жиыны өтті.
Жиынға ауылдық округ әкімдері, Қарағанды облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, Нұра аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы және тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде аумақтық қорғаныс бойынша оқу-жаттығуларға дайындық және көктемгі шақыру науқанын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Баяндамалар барысында қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, жүргізіліп жатқан жұмыстарға баға берілді, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған басым бағыттар айқындалды.
Жиында көктемгі шақыру науқанын сапалы әрі уақытылы өткізу, шақырылушыларды дер кезінде хабардар ету және олардың белгіленген орындарға келуін қамтамасыз ету, сондай-ақ жергілікті жерлерде жұмылдыру дайындығын күшейту қажеттігі атап өтілді.
Талқылау қорытындысы бойынша ауылдық округ әкімдеріне шақырылушыларды толық әрі уақытылы хабардар ету, олардың қорғаныс істері жөніндегі бөлімге келуін қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейту тапсырылды.
Сонымен қатар, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге шақыру науқанын үйлестіруді қамтамасыз ету, оның орындалуын тұрақты бақылауда ұстау және әдістемелік көмек көрсету міндеті жүктелді. Полиция бөліміне шақырудан жалтарған азаматтарды анықтау және жеткізу бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді жою және берілген тапсырмалардың орындалуын белгіленген мерзімде қамтамасыз ету міндеттелді.