НҰРА АУДАНЫНДА ПРОКУРАТУРАМЕН БІРЛЕСКЕН ИНВЕСТОРЛАРМЕН ЖИЫН ӨТТІ

НҰРА АУДАНЫНДА ПРОКУРАТУРАМЕН БІРЛЕСКЕН ИНВЕСТОРЛАРМЕН ЖИЫН ӨТТІ

Нұра ауданында аудан прокуратурасының қатысуымен өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы инвесторлармен бірлескен жиын өтті. Іс-шараға аудан аумағында инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлер, тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Жиын барысында аудан аумағында бүгінгі күні жүзеге асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалардың орындалу барысы жан-жақты қаралды. Инвесторлар өз жобалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, өндірістік қуаттарды арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту бағытындағы жоспарларымен бөлісті.

Сонымен қатар, жобаларды іске асыру кезінде туындап отырған бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, инженерлік желілерге қосылу, жер мәселелері және қаржыландыруға қатысты түйткілдер талқыланды.

Инвесторлардың құқықтарын қорғауға бағытталған «прокурорлық сүзгі» тетігін пайдалануға ерекше назар аударылды. Мемлекеттік органдардың инвесторлардың құқықтарына қатысты шешімдерін прокурормен міндетті түрде келісу, инвестициялық жобаларды барлық кезеңдерде, соның ішінде жоба аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін де сүйемелдеу және басқа да мәселелер түсіндірілді.

Жиынға қатысқан мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері салық заңнамасына қатысты өзекті мәселелерді түсіндіріп, кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонымен бірге, салықтық әкімшілендіруді жеңілдету, түсіндіру жұмыстарын күшейту және заң талаптарын дұрыс қолдану бойынша нақты ұсыныстар айтылды.

Жиын қорытындысы бойынша көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынып, оларды кезең-кезеңімен шешу бойынша тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. Инвесторлармен тұрақты кері байланыс орнату, қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру және аудан экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.