
Нұра ауданында әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынды аудан әкімі, комиссия төрағасы жүргізді. Отырыста еңбек қатынастары, өндірістік қауіпсіздік және әлеуметтік тұрақтылық мәселелері кеңінен талқыланды.
Күн тәртібіне сәйкес үш негізгі мәселе қаралды. Атап айтқанда, аудан кәсіпорындарындағы өндірістік жарақаттануды төмендету, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы, кәсіптік аурулардың алдын алу және қызметкерлердің денсаулығын нығайту бағытындағы жұмыстар сөз болды. Сонымен қатар, заманауи технологияларды енгізу арқылы өндірістік процестерді жетілдіру, негізгі құралдарды кезең-кезеңімен жаңарту және қысқартылатын қызметкерлерді жұмыспен қамту мәселелері талқыланды. Үшінші мәселе ретінде қызметкерлер алдындағы жалақы бойынша берешектің жай-күйі қаралды.
Жиын барысында ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері баяндама жасап, еңбек қауіпсіздігі, өндірістік процестерді жаңғырту, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы мен еңбек қатынастары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Комиссия төрағасы тарапынан кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаңа техникаларды енгізу, қызметкерлердің жалақысын арттыру және ұжымдардағы әлеуметтік ахуалды бақылау бағытында бірқатар нақты сұрақтар қойылды.
Сондай-ақ, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері өндірістік жарақаттанудың алдын алу, еңбек қауіпсіздігін сақтау және қызметкерлердің құқықтарын қорғау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Денсаулық сақтау және білім беру салаларының кәсіподақ төрағалары өз салаларындағы өзекті мәселелерге тоқталып, ұсыныстарын жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша қаралған барлық мәселелер хаттамаға енгізіліп, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Комиссия төрағасы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жалақы бойынша берешектерге жол бермеу және әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Отырыстың нәтижелері бақылауға алынып, алдағы кезеңде тиісті жұмыстар жалғасатын болады.