«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» – ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІПТІҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІ: НҰРА АУДАНЫНДА КЕҢЕЙТІЛГЕН ЖИЫН ӨТТІ

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» – ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІПТІҢ ЖАҢА ДЕҢГЕЙІ: НҰРА АУДАНЫНДА КЕҢЕЙТІЛГЕН ЖИЫН ӨТТІ

Нұра ауданында аудан әкімі Бақытжан Мұқановтың төрағалығымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кеңейтілген жиын өткізілді. Жиын барысында аудан аумағында атқарылған жұмыстардың нәтижелері, өзекті мәселелер мен алдағы кезеңге арналған міндеттер жан-жақты талқыланды.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, полиция бөлімінің өкілдері, коммуналдық мекемелер, кент және ауыл әкімдері қатысты. Күн тәртібіне сәйкес тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жұмыстар, санитарлық жағдай, құқық бұзушылықтардың алдын алу, абаттандыру және көгалдандыру бағыттары қаралды.

Жиын барысында жауапты сала өкілдері «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүргізілген жұмыстар туралы баяндап, елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытындағы атқарылған шаралар мен жоспарлар жөнінде есеп берді.

Аудан әкімі өз сөзінде аталған бағдарлама тек бір реттік акция емес, ол тұрғындардың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау және елді мекендердің тазалығын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екеніне ерекше тоқталды.

Жиын барысында бірқатар нақты мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, «TazaQazBot» цифрлық платформасы арқылы тұрғындардан түсетін өтініштердің төмендігі сынға алынып, бұл бағыттағы жұмысты жандандыру тапсырылды. Сонымен қатар, аудан бойынша жоспарланған 1500 ағаш отырғызу жұмыстарының нақты жоспарын әзірлеу, елді мекендер бөлінісінде орындалуын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.

Санитариялық-эпидемиологиялық жағдайға қатысты антисанитариямен күрес шараларын күшейту, рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыру қажеттігі белгіленді. Полиция бөліміне қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, бейнебақылау жүйелері арқылы вандализм деректерін анықтау және тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.

Коммуналдық сала бойынша «Nurly Nura» мекемесіне тазалық жұмыстарын сапалы ұйымдастыру, қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ кадрлық қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешу міндеттелді.

Кент және ауыл әкімдеріне аумақтарды жүйелі түрде тазалау, кәсіпкерлік нысандарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, барлық ресурстарды тиімді жұмылдыру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Ішкі саясат бөліміне аталған бағыттағы ақпараттық-идеологиялық жұмысты күшейтіп, тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу жүктелді.

Жиын қорытындысы бойынша аудан әкімі барлық бөлімдер мен мекемелерге көктемгі санитарлық екі айлық аясында ұйымдастырылатын сенбіліктерге белсенді қатысуды міндеттеді. Ауылдық округ және кент әкімдеріне «TazaQazBot» платформасының жұмысын жандандыру, тұрғындар өтініштерін уақтылы қарау тапсырылып, бұл бағыттағы бақылау ішкі саясат бөліміне жүктелді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілерін сенбіліктерге тарту, әр мекемеге нақты учаскелер бекіту және қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Жиын соңында аудан әкімі қойылған барлық міндеттердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, күнделікті мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті.