НҰРА АУДАНЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ОБЛЫСТЫҚ ЖАРЫСТАРДЫҢ ЖҮЛДЕГЕР СПОРТШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

НҰРА АУДАНЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ОБЛЫСТЫҚ ЖАРЫСТАРДЫҢ ЖҮЛДЕГЕР СПОРТШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Нұра аудандық әкімдігінде республикалық және облыстық жарыстардың жүлдегерлері атанған спортшылармен кездесу өтті. Іс-шараға аудан әкімі, спортшылар, жаттықтырушылар және спорт саласының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында аудан әкімі Бақытжан Мұқанов Нұра ауданының намысын облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап жүрген спортшыларды құттықтап, олардың жетістіктері ауданның үлкен мақтанышы екенін атап өтті.

Өз сөзінде аудан басшысы спорттың тек күш пен шеберліктің ғана емес, табандылықтың, қажырлы еңбектің және мықты мінездің көрінісі екенін атап өтіп, әрбір жеңістің артында ұзақ дайындық пен үздіксіз жаттығу жатқанын айтты. Сондай-ақ спортшылардың жетістігі аудан жастарына үлгі болып, салауатты өмір салтын насихаттауға үлкен ықпал ететінін жеткізді.

Кездесу барысында қазақ күресі, дзюдо, ММА, каратэ, ушу-саньда және конькимен жүгіру сияқты түрлі спорт түрлерінен жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген спортшылардың жетістіктері атап өтілді. Олардың қатарында әлем чемпиондары, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Қазақстан чемпиондары және облыстық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпаздары бар.

Аудан әкімі спортшыларды тәрбиелеп, жоғары нәтижелерге жетуіне үлес қосып жүрген жаттықтырушыларға да алғыс білдірді.

Іс-шара соңында үздік спортшыларға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталып, естелік сыйлықтар берілді. Кездесу еркін форматтағы әңгімелесумен жалғасып, спортшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, алдағы жоспарлары туралы айтты.