«ӘЙЕЛ – ӘЛЕМНІҢ ШУАҒЫ»: НҰРА АУДАНЫНДА 8 НАУРЫЗҒА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ КОНЦЕРТ ӨТТІ

«ӘЙЕЛ – ӘЛЕМНІҢ ШУАҒЫ»: НҰРА АУДАНЫНДА 8 НАУРЫЗҒА АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ КОНЦЕРТ ӨТТІ

2026 жылғы 6 наурыз күні Нұра кентінің Мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әйел – әлемнің шуағы» атты салтанатты мерекелік концерт өтті. Іс-шараға аудан тұрғындары, еңбек ардагерлері, мемлекеттік қызметкерлер, түрлі салада еңбек етіп жүрген әйелдер қауымы қатысты.

Мерекелік кеш ерекше форматтағы прологпен басталды. LED-экран арқылы ұсынылған көркем бейнероликте әйелдің қоғамдағы рөлі, ананың мейірімі мен ұрпақ тәрбиесіндегі орны, сондай-ақ аудан өміріндегі әйелдердің еңбегі көркем түрде бейнеленді. Көрермендерге табиғаттың оянуы мен көктемнің келуін сипаттайтын әсерлі көріністер ұсынылып, әйелдің қоғамдағы маңызы мен қадір-қасиеті ерекше айшықталды.

Салтанатты кештің ресми бөлігінде Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов құттықтау сөз сөйлеп, барша нәзік жандыларды көктемнің ең шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

– Бұл күн – нәзіктік пен жан жылуының, мейірім мен сабырдың, сұлулық пен парасаттың мерекесі. Әйел – отбасының шуағы, шаңырақтың берекесі, ұлттың рухани тірегі. Сіздер бар жерде жылылық пен келісім, ертеңгі күнге деген сенім бар, – деп атап өтті аудан басшысы.

Сондай-ақ ол ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына әйелдердің қосып отырған үлесі ерекше екенін атап өтті. Білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет, мәдениет, кәсіпкерлік және басқа да салаларда табысты еңбек етіп жүрген әйелдердің жетістіктері аудан мақтанышы екені айтылды.

Мерекелік жиын барысында бірқатар азаматшаларға аудан әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттары табысталды. Марапат иелері арасында білім беру, мемлекеттік қызмет, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, мәдениет және өзге де салалардың өкілдері бар.

Іс-шара барысында мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды. Сахнада аудан өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Көрермендерге «Ақ әжелер» ансамблі, «Замандас» және «Ізбасар» вокалдық топтары, «Шұғыла» би тобы, «Сударушка» вокалдық тобы, сондай-ақ жеке орындаушылардың әндері мен билері ұсынылды. Әсерлі музыкалық нөмірлер мен жарқын би қойылымдары мерекелік кештің сәнін келтірді.

Концерт соңында барлық өнерпаздар сахнаға шығып, мерекелік бағдарламаны «Арман-ай» әнімен қорытындылады.

Мерекелік шара аудан тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, әйелдер қауымына деген құрмет пен алғыстың жарқын көрінісіне айналды.