8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов ауданның басшылық құрамындағы әйелдерді, мемлекеттік қызмет ардагерлерін және ауданның дамуына белсене атсалысып жүрген белсенді нәзік жандыларды құттықтады.
Мерекелік кездесуге мемлекеттік қызметтің ардагерлері, түрлі салада басшылық қызмет атқарып жүрген әйелдер, сондай-ақ ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген белсенді азаматшалар қатысты.
Жиын барысында аудан әкімі қатысушыларды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, олардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жүрген үлесін ерекше атап өтті.
Өз сөзінде Бақытжан Мұқанов бүгінгі кездесудің маңызына тоқталып, бұл шара ауданның дамуына үлес қосып жүрген білікті басшы әйелдерге құрмет көрсетудің айқын көрінісі екенін айтты.
– Нұра ауданында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, мемлекеттік басқару және өзге де салаларда табысты еңбек етіп, ұжымдарды басқарып отырған әйелдер аз емес. Бұл – сіздердің кәсібиліктеріңіздің, жауапкершіліктеріңіздің және басқарушылық қабілеттеріңіздің айқын дәлелі, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар ол мемлекеттік қызмет ардагерлеріне ерекше алғысын білдіріп, олардың ауданның басқару жүйесінің қалыптасуына, тұрақтылық пен тәртіптің орнығуына қосқан үлесі зор екенін атап өтті.
Кездесу барысында әйел басшының ұжымдағы бірлікті сақтап, әр қызметкердің әлеуетін ашуға ықпал ететін ерекше рөлі атап өтілді. Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жолында әйел басшылар ер-азамат әріптестерімен бірге бірлесіп еңбек етіп, өңірдің өркендеуіне үлес қосып келеді.
Іс-шара соңында аудан әкімі жиналған қауымды алдағы мерекемен тағы бір мәрте құттықтап, барша әйелдерге зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.