8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов ауданымыздың ардақты ақ жаулықты аналарының шаңырағына арнайы барып, оларды көктемнің алғашқы жарқын мерекесімен құттықтады.
Аудан басшысы ел дамуына үлес қосып, саналы ұрпақ тәрбиелеп өсірген аналарға ризашылығын білдіріп, олардың өмірлік жолы мен өнегелі еңбегі кейінгі буын үшін үлкен үлгі екенін атап өтті. Сонымен қатар аналардың шаңырағында болып, жылы лебізін жеткізіп, мерекелік сый-құрмет көрсетті.
Солардың бірі – ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек етіп, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласқан ардагер ұстаз Әдиша Көнекбайқызы Есмағамбетова. Ол әр жылдары мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі, сондай-ақ аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып, өңірдің дамуына елеулі үлес қосты. Бүгінде аудандық тарихи-өлкетану музейінде еңбек етіп, жас ұрпаққа туған өлкенің тарихын насихаттап келеді.
Сондай-ақ аудан әкімі көпбалалы ана, ардақты әже Бопетай Сатыпалдиевна Мусинаның үйінде болып, оның аналық еңбегіне құрмет білдірді. Ол 10 бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 17 немере мен 7 шөбере сүйіп отырған өнегелі ана. Өмір бойы еңбек етіп, отбасында сыйластық пен бірліктің үлгісін көрсетіп келе жатқан ардақты жан.
Мереке қарсаңында құттықтау алған тағы бір еңбек ардагері – Қауын Тұңғышбайқызы Тунгушбаева. Ол еңбек жолын қарапайым жұмысшы ретінде бастап, кейін сауда саласында, одан соң есеп саласында ұзақ жылдар қызмет атқарып, адал еңбегімен құрметке ие болған.
Кездесу барысында аудан әкімі аналарға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығын тілеп, олардың ақ батасы мен өмірлік тәжірибесі әрдайым қоғам үшін құнды екенін атап өтті.