АУДАН ӘКІМІ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША АТА-АНАЛАРМЕН ОНЛАЙН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

АУДАН ӘКІМІ ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША АТА-АНАЛАРМЕН ОНЛАЙН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Аудан әкімі Бақытжан Мұқанов Zoom бейнеконференцбайланыс платформасы арқылы инклюзивті білім беру әдісі бойынша білім алып жатқан балалардың ата-аналарымен онлайн кездесу өткізді. Аталған кездесу инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және ата-аналармен тікелей байланыс орнатуға бағытталды.

Кездесу барысында ата-аналар тарапынан балалардың білім алуы, педагогикалық қолдау, оқу процесін ұйымдастыру, арнайы мамандармен қамтамасыз ету және инфрақұрылымға қатысты бірқатар сұрақтар көтерілді. Аудан әкімі барлық көтерілген мәселелерді мұқият тыңдап, тиісті салалық бөлім басшыларымен бірлесе отырып, нақты жауаптар мен түсіндірмелер берді.

Сонымен қатар, қосымша уақыт пен жан-жақты пысықтауды талап ететін мәселелер алдағы уақытта жеке қарастырылып, келесі кездесулерде талқыланатыны атап өтілді. Бұл сұрақтар аудан әкімдігінің бақылауында болатыны жеткізілді.

Аудан басшысы мұндай ауқымды форматтағы кездесу инклюзивті білім беру мәселелері бойынша алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өтіп, алдағы уақытта ата-аналармен мұндай ашық әрі тікелей диалог тұрақты негізде ұйымдастырылатынын айтты. Бұл өз кезегінде білім беру сапасын арттыруға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Кездесу соңында аудан әкімі ата-аналардың белсенділігіне алғыс білдіріп, барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынып, кезең-кезеңімен іске асырылатынын атап өтті.