АХМЕТ АУЫЛЫНДА ЖАҢА СПОРТ КЛУБЫ АШЫЛДЫ

АХМЕТ АУЫЛЫНДА ЖАҢА СПОРТ КЛУБЫ АШЫЛДЫ

Ахмет ауылында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жаңа спорт клубының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған шараға ауыл тұрғындары, ардагерлер, жастар, спортшылар және құрметті қонақтар қатысты.

Салтанатты іс-шара барысында Нұра ауданының әкімі ауыл тұрғындарын маңызды нысанның ашылуымен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес аудан көлемінде салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды спортқа баулу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жаңа спорт клубы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың денсаулығын нығайтуға және спорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретіні айтылды.

Жаңа спорт нысанының ашылуына демеушілік көрсеткен «Батыр боламын» қоғамдық қорына алғыс білдіріліп, бұл бастама болашақ ұрпақтың денсаулығына салынған маңызды инвестиция екені атап өтілді.

Іс-шара барысында спорт клубының ішкі ғимараты таныстырылып, бокс, жекпе-жек және күрес түрлерінен көрсетілімдер ұйымдастырылды. Қатысушылар жаңа спорт клубының материалдық-техникалық базасымен және жаттықтырушылар құрамымен танысты.

Жаңа спорт клубы Ахмет ауылы жастары үшін маңызды тәрбие мен спорт ордасына айналып, болашақта ел намысын қорғайтын спортшыларды тәрбиелейді деген сенім білдірілді.