
Аудан әкімі Бақытжан Мұқановтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиналыс өтті. Кеңес барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралып, ағымдағы жедел жағдай талқыланды.
Жиналыс барысында өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында жаңа жұмыс орындарын құру, жоспарлы көрсеткіштердің орындалу барысы және бұл бағыттағы кемшіліктерге қатысты мәселелер көтерілді. Аудан әкімі жұмыспен қамту саласындағы көрсеткіштердің сапасына ерекше назар аударып, жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Сонымен қатар төтенше жағдайлар бойынша жедел ахуал қаралып, алдын алу шараларын күшейту қажеттігі атап өтілді. Инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға талдау жасалып, кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру тапсырылды.
Кеңес барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына жүргізіліп жатқан мониторинг, жанар-жағармай құнына бақылау мәселелері қозғалды. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды күшейту тапсырылды.
Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жүргізіліп жатқан ақпараттық жұмыс барысы талқыланып, халықпен кері байланысты арттырудың маңыздылығы атап өтілді. Жиналыс аясында тұрғындар тарапынан көтеріліп жүрген көше жарықтандыруы, электр энергиясының жиі өшуі, тарифтердің өсуі, жолдардың тайғақ кезінде құм себу, сондай-ақ қаңғыбас иттер мәселелері назарға алынды.
Кеңесті қорытындылай келе, аудан әкімі барлық жауапты мемлекеттік органдарға белгіленген тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындауды, көтерілген мәселелерді тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.