
Аудан басшысы Бақытжан Мұқанов аудандық мәслихаттың төрағасы Қуаныш Жүнісбековпен бірге бүгін Қарой, Заречное, Тассуат ауылдарының, сондай-ақ Кертінді, Ақмешіт және Кәрім Мыңбаев елді мекендерінің тұрғындарына жеке қабылдау өткізді.
Қабылдау барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізіп, әлеуметтік инфрақұрылым, ауыз су мәселесі, жолдарды жөндеу, жайылым тапшылығы, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, медициналық қызметтердің қолжетімділігі, ауыл шаруашылығы бағытындағы қолдау шаралары сынды түрлі тақырыптар бойынша сұрақтар қойылды.
Тұрғындар көтерген бірқатар мәселелер сол жерде талқыланып, түсініктемелер берілді. Ал жан-жақты зерттеуді және уақытты талап ететін мәселелер тиісті бөлім басшыларына тапсырылып, бақылауға алынды. Аудан әкімі әрбір сұрақтың ауылдардағы өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтіп, жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Мұндай форматтағы жеке қабылдаулар жергілікті халықпен ашық әрі тиімді диалог орнатуға, әрбір ауылдың өзекті мәселелерін жергілікті жерде жедел анықтап, шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді. Халықпен бетпе-бет жүздесу — билік пен тұрғындар арасындағы сенімді нығайтуға, проблемаларды уақытылы шешуге бағытталған маңызды қадам.
Аудан әкімі тұрғындарды қабылдау жұмыстарын осы аймақтармен шектемей, алдағы уақытта ауданның басқа да ауылдық округтерінде жалғастыратын болады.