
Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Қуаныш Жүнісбеков жұмыс сапарымен ауданның елді мекендерін аралауды бастады. Іссапар аясында Байтуған, Шахтерское, Мұзбел ауылдарында, сондай-ақ Егінді, Ахмет және Көбетей елді мекендерінде тұрғындарды жеке қабылдау өткізілді.
Қабылдау барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді тікелей қойып, жауап алу мүмкіндігіне ие болды. Жергілікті инфрақұрылым, жолдарды жөндеу, ауыз су, әлеуметтік қолдау, жастар саясаты және ауылдардың тыныс-тіршілігіне қатысты әртүрлі сұрақтар қаралды. Бірқатар мәселелер бойынша сол жерде нақты түсініктемелер мен жауаптар берілді. Ал терең зерттеуді талап ететін сұрақтар тиісті құрылымдардың басшыларына бақылауға алынып, орындау үшін тапсырылды.
Мұндай форматтағы кездесу тұрғындар үшін ерекше қолайлы болып табылады. Әкімдік өкілдерінің ауылдарға барып, мәселелерді жергілікті жерде тыңдауы – билік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайтып, өзара түсіністікті арттырады. Бұл тәсіл халыққа жақын болуға, шағымдар мен ұсыныстарды жедел қарауға, әр ауылдың нақты проблемаларын көзбе-көз көруге мүмкіндік береді.
Нұра ауданы әкімдігі тұрғындармен осындай кездесулерді алдағы уақытта да жүйелі түрде өткізуді жалғастырады.