Бүгін Б.Әбдікәрімов атындағы Нұра көпсалалы колледжінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына және 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы тапсырмаларына сәйкес «Жаңа белестегі жастар» атты аудандық жастар форумы өтті.
Форумға аудан әкімі Бақытжан Мылтықбайұлы Мұқанов, ауылдық округтердің белсенді жастары, білім беру ұйымдарының оқушылары мен студенттері, еріктілер, жас мамандар және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Шараның басталуында форум қатысушылары тіркеуден өтіп, қонақтарды колледждің өнерлі студенттері орындаған қазақ биі қарсы алды. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған ұлттық би іс-шараның рухын одан әрі жандандыра түсті.
Форумның ресми ашылуында аудан әкімі жастарға арналған құттықтау сөзін айтып, олардың қоғамдағы рөлі мен аудан дамуына қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті.
«Жастар – еліміздің стратегиялық күші. Әділетті Қазақстанды құру жолында сіздердің білімдеріңізге, белсенділіктеріңізге, ұмтылыстарыңызға үлкен сенім артамыз. Нұра ауданында сіздерге жағдай жасау бағытында жобалар жүзеге асуда. Ең бастысы – жаңашылдықтан қорықпай, білім алып, еңбек етіп, бастамашыл болу. – деді Бақытжан Мылтықбайұлы.
Форум барысында жыл бойы үздік жетістіктерімен көзге түскен жастар мен жас мамандар «Жыл үздігі – 2025» марапаттарына ие болды. Әр саладағы таңдаулы жас мамандарға жетістіктерін айқындайтын арнайы номинациялар табысталды.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасының республикалық кезеңінде жеңімпаз атанған Приб Яна Константиновна аудан басшысының қолынан марапат алды.
Форумның келесі бөлімінде Астана қаласынан келген «Халықаралық орталық Жария» қоғамдық қорының төрағасы Қанат Мырхайдаров пен «Медицина жастары» республикалық бірлестігінің төрағасы Абылайхан Әбдірәш ауданның жас педагогтарына «Үздік ашық сабақ» байқауы бойынша марапат тапсырды.
Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Жергілікті өнерпаздар – Абай Орманбаев, колледждің талантты жастары және ауданның мақтанышы, әнші-композитор Амангелді Шахарбаев өз өнерлерін ұсынды.
Форум аясында жастар үшін ерекше маңызды «Эмоционалды интеллект және көшбасшылық» атты тренинг өткізіліп, қатысушылар заманауи дағдылар мен жаңа білімге қанықты.