БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Нұра ауданына Қарағанды облысының балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Ирина Болеславовна Киселева өз өкілдерімен бірге жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында уәкіл аудан ата-аналарымен, мектеп директорларымен және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен кездесіп, балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты маңызды мәселелерді талқылады.

Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Салтанат Аққошқарқызы Мұқанова, Нұра ауданы прокуратурасының аға прокуроры Алмаз Дулатұлы Дулатов, Нұра ауданы полиция бөлімінің бастығының орынбасары Нарлан Рамазанұлы, сондай-ақ аудандық білім беру бөлімінің басшысы Дархан Жанболатұлы Такишев сөз алып, өз бағыттары бойынша ақпарат беріп, ұсыныстарын жеткізді.

Жиында Қарағанды қаласындағы №1 гимназия директоры да балалармен дұрыс қарым-қатынас орнату, ата-ана мен мұғалім арасындағы тиімді диалогты қалыптастыру жөніндегі тәжірибесімен бөлісті.

Сапар аясында омбудсмен Ирина Болеславовна балалармен жеке кездесіп, ашық диалог жүргізді. Оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, уәкіл тарапынан жан-жақты кеңестер мен түсіндіру жұмыстарын алды.

Кездесу жылы қарым-қатынаста өтіп, бала құқығын қорғауға бағытталған өзара ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.