
Бүгін аудан әкімдігінің аппаратында аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырыстың жұмысына аудан әкімі Бақытжан Мұқанов, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Кеңес барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй инспекциясы және құрылыс бөлімдерінің есептері тыңдалды. Баяндамаларда аудан аумағындағы инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысы, елді мекендерді абаттандыру мен тұрғын үй құрылысы мәселелері қозғалды.
Қоғамдық кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстар айтып, өзекті сұрақтар қойды. Сондай-ақ, тұрғындардан түскен өтініштер мен арыздар қаралып, оларды шешу жолдары талқыланды.
Аудан әкімі Бақытжан Мұқанов өз сөзінде қоғамдық кеңестің жұмысы халық пен билік арасындағы ашық диалог орнатуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ол көтерілген мәселелерді бақылауда ұстап, тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берді.
Отырыстың қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталатын болады.