
Қайнар ауылында игі іс жүзеге асты. «Қайнар» ЖШС директоры Сейітжапар Алшынбекұлы Нығметовтің бастамасымен мүмкіндігі шектеулі бала – Марат Санжардың отбасына жаңа үй салынды.
Жаңа баспана ағымдағы жылдың жаз айларында «Қайнар» ЖШС-нің өз қаражаты есебінен, жалпы құны 30 миллион теңгеге салынды. Заманауи үлгіде салынған тұрғын үйде 5 бөлме бар, сапалы жылыту жүйесі орнатылған.
Салтанатты түрде өткен шарада аудан әкімі Бақытжан Мұқанов Санжардың отбасына жаңа үйдің кілтін табыстап, бұл игі іске бастамашы болған Сейітжапар Алшынбекұлына ауылдастарына көрсеткен қолдауы мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін зор алғысын білдірді.
«Біздің ауданымызда мейірімді, жомарт жандардың көп болуы — үлкен қуаныш. Сіздердің ізгілікті істеріңіз қоғамға үлгі», – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Сондай-ақ аудан басшысы жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтап, Санжарға планшет сыйға тартты. Айта кетсек, Санжар бүгінде үй жағдайында білім алып жүр, ал отбасы көпбалалы — бес баланы тәрбиелеп отыр.
Бұл игі іс — қоғамдағы қамқорлық пен бірліктің айқын көрінісі.
Аудан көлемінде мүмкіндігі шектеулі жандарға тұрақты түрде әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Әр жылы мерекелік күндерге орай оларға біржолғы әлеуметтік төлемдер беріледі. Биыл Республика күніне орай ерекше балаларға 50 мың теңге көлемінде біржолғы төлем жасалды.