
Бүгін Нұра ауданында Республика күні мерекесіне орай көтеріңкі көңіл-күйде өткен дәстүрлі жәрмеңке ұйымдастырылды. "Жастар" алаңында өткен шараға ауданның ауылшаруашылық өнім өндірушілері, жеке кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлері қатысып, өздерінің өнімдері мен туындыларын тұрғындарға ұсынды.
Жәрмеңке сөрелерінде табиғи және экологиялық таза өнімдер — жаңа жиналған жеміс-жидектер, көкөністер, ет және сүт өнімдері, үй жағдайында дайындалған тағамдар мен кондитерлік бұйымдар тиімді бағамен сатылымға қойылды. Тұрғындар бұл шара арқылы сапалы әрі қолжетімді отандық өнім сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар ауданның қолөнершілері өздерінің ұлттық нақыштағы және заманауи үлгідегі бұйымдарын, кестелі киімдер мен зергерлік әшекейлерін, ағаш пен киізден жасалған бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Бұл көрме-жәрмеңке аудан тұрғындарының шығармашылық әлеуетін көрсетіп, жергілікті шеберлер еңбегін насихаттауға мүмкіндік берді.
Мерекелік шараның сәнін аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары келтірді. Олар орындаған әсем әндер мен көңілді әуендер жәрмеңке қатысушыларына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен бірге алаңда ұлттық спорт түрлерінен — асық ату, кір көтеру және арқан тарту сияқты жарыстар өткізіліп, тұрғындар белсене қатысты.
Мерекелік жәрмеңке тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйін көтеріп қана қоймай, отандық өнімді қолдауға, ұлттың салт-дәстүрін дәріптеуге және аудан тұрғындарының бірлігі мен ынтымағын нығайтуға бағытталды.