НҰРА АУДАНЫНДА ДӘРІГЕРЛЕР ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

НҰРА АУДАНЫНДА ДӘРІГЕРЛЕР ҮЙІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Республика күні мерекесі қарсаңында Нұра ауданында медицина қызметкерлеріне арналған жаңа Дәрігерлер үйі өз есігін айқара ашты. Бұл — ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған игі істердің бірі.

Жаңадан салынған тұрғын үйдің ашылу салтанатына аудан әкімі Бақытжан Мұқанов, медицина саласының қызметкерлері және аудан тұрғындары қатысты. Салтанатты іс-шара барысында аудан басшысы медицина саласы өкілдерін қоныс тойымен құттықтап, Мемлекет басшысының халық игілігі жолындағы саясатының нәтижесінде ауданда осындай әлеуметтік нысандардың бой көтеріп жатқанын атап өтті.

«Бұл – тек жаңа ғимараттың ашылуы емес, бұл – мемлекетіміздің қамқорлығының, дәрігер еңбегіне деген зор құрметтің белгісі. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі – адам өмірімен тікелей байланысты, сондықтан сіздердің еңбектеріңізге баға жетпейді», – деді аудан әкімі өз құттықтауында.

Жаңа үй заман талабына сай салынып, әрбір пәтер заманауи жиһаздармен жабдықталған, сондай-ақ орталықтандырылған жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген. Мұнда ауданның медицина саласындағы қызметкерлері мен жас мамандар қоныстанатын болады.

Іс-шара соңында қатысушыларға жаңа пәтерлер көрсетіліп, тұрғындарға ақ баталар мен жылы лебіздер айтылды. Жаңа баспананың иелері аудан басшылығына және құрылысқа атсалысқан азаматтарға алғыс білдірді.