Бүгін аудан әкімі Бақытжан Мұқанов Нұра кентін аралап, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады.
Ауыл ішінде бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары қарқынды жалғасуда. Қазіргі таңда полиция бөлімінің диспетчерлік орталығында орталықтандырылған мониторды орнату үшін арнайы орын дайындалуда. Бұл шара қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Аудан басшысы Өнер үйінің құрылыс барысын да қайта тексерді. Объектідегі жұмыстардың сапасы назарға алынып, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою жөнінде мердігер мекемеге нақты тапсырмалар берілді. Әкім бұл нысанның уақытылы әрі сапалы пайдалануға берілуінің маңыздылығын атап өтті.
Аралау барысында аудан әкімі сондай-ақ Құндызды өзенінің арнасын кеңейту жұмыстарының барысын да қарап өтті. Жоба көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында қолға алынған.
Одан бөлек, аудан басшысы бұған дейін бірнеше рет Абай және Қонаев көшелеріндегі көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесіп, орталық жылу жүйесіне қосу мәселесін көтерген болатын. Биылғы жылы осы бағыттағы жұмыстар жандандырылып, 10 тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтылатын болады.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы Жастар алаңында LED-экран орнату жоспарлануда. Экран күнделікті ақпараттық хабарламалармен қатар, мерекелік іс-шаралар кезінде концерттік бағдарламалардың бір бөлігі ретінде қолданылатын болады.
Аудан әкімі Хутор аумағына барып, Нұра–Қарой тас жолы бойына қоршаулар орнату мәселесін талқылады. Сонымен бірге, осы аумақта отырғызылатын ағаш көшеттерін таңдау мәселесі де қарастырылды.
Аудан басшысы барлық бағыттағы жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру екенін атап өтті.