2025 жылғы 11 қыркүйекте Нұра ауданында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және цифрлық трансформация арқылы шешімдер» атты Жолдауын талқылауға арналған кеңейтілген жиын өтті. Жиынға аудан әкімі, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар басшылары, ардагерлер, қоғамдық кеңес өкілдері және ауыл әкімдері қатысты.
Аудан әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық міндеттерді орындау – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған басты бағдар екенін атап өтті.
Өз баяндамасында ауданның білім бөлімі басшысы Дархан Такишев білім беру саласында жасанды интеллекттің маңыздылығын атап өтті. Жаңа оқу жылының басты ерекшелігі – орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект элементтерінің кезең-кезеңімен енгізілуі. «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне тиісті мазмұн енгізіліп, этикалық стандарттар бекітілді. Бүгінде аудан мектептерінің барлығы (100%) жоғары жылдамдықты интернетке қосылған, орташа жылдамдық 20-дан 100 Мбит/сек аралығында. Барлық мектептер Starlink технологиясы арқылы интернетке қосылып, мұғалімдердің жұмыс орындары автоматтандырылды.
Оқушылар үшін IT-бейіндік сыныптар ашылып, 29 мектепте цифрлық ресурстар қолжетімді болды. Ғылыми жобалар мен үйірмелерге қатысу артты. Педагогтар облыстық және республикалық байқауларда үздік нәтиже көрсетіп келеді.
Ауданда сондай-ақ инвестиция тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде, сонымен қатар өнеркәсіп саласы да қарқынды дамып келеді. Ағымдағы жылдың жеті айында аудан экономикасында оң серпін сақталды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 25%-ға артып, 18 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды (өсім – 34%). Ірі кәсіпорындардың бірі – «Шұбаркөл Көмір» АҚ тау-кен-көлік кешенін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізіп, өнімділікті 12%-ға арттырды.
Жыл қорытындысымен 32 млрд теңгеден астам инвестиция құю жоспарланып отыр, оның 20 млрд теңгесі – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына бағытталмақ. Өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі 34% өсіммен 19 млрд теңгеге жетті. Арнайы кокс өндіретін зауыт іске қосылып, қызыл кірпіш шығаратын жаңа зауыт құрылысы басталды.
2025 жылы егіс алқабы 10,4 мың гектарға ұлғайып, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 72 млрд теңге деңгейінде күтілуде. Ет, сүт, жұмыртқа өндірісі оң динамика көрсетіп отыр.
Ауыл шаруашылығында цифрландыру белсенді енгізілуде: дәл егіншілік, мал шаруашылығын автоматтандыру, жаңа техника сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Жыл басынан бері 2 млрд 317 млн теңгеге 117 бірлік заманауи техника алынды. Ауданның ірі шаруашылықтары қатарында автоматтандырылған сүт өндіру кәсіпорны іске қосылды.
2026 жылдан бастап корпоративтік және жеке табыс салығының аудандарға берілуі бюджет түсімін арттыруға жаңа мүмкіндік ашатыны атап өтілді. Осыған орай, көлеңкелі экономиканы азайту мен салық базасын кеңейтуге бағытталған іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда.
Бүгінгі күні аудан халқының 98,6%-ы таза ауыз сумен қамтылды. Қантай, Құланөтпес, Жараспай ауылдарында су жүйелері жаңғыртылып, Бірінші мамыр ауылында жаңа модульдік жүйе іске қосылды. Нұра кентінде көпқабатты үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жобасы басталды.
Жол жөндеу саласында «Нұра–Көбетей» тас жолы жаңартылып, ауылішілік жолдарда асфальт төсеу жүргізілуде. Жаңа бағдаршамдар орнатылып, жолаушылар тасымалы жүйесі жақсартылды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі барлық сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, Мемлекет басшысы Жолдауында қойылған міндеттердің уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді.
Президент Жолдауы ел дамуының жаңа кезеңін айқындап, цифрландыру мен инновацияларды енгізу арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға серпін беретіні атап өтілді.