Бүгін Нұра ауданы әкімдігінде Қазақстан Республикасында дәстүрлі түрде тамыз айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін «Спорт күніне» орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Шараға аудан әкімі Бақытжан Мұқанов, ұлттық спорт түрлерінен жеңімпаз атанған спортшылар мен ардагер жаттықтырушылар қатысты.
Салтанатты рәсім барысында ауданымыздың намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылар мен ұлттық спорттың дамуына үлес қосқан ардагер жаттықтырушылар марапатталды. Олардың қатарында аударыспақтан бірнеше дүркін чемпион Тайжанов Ерқанат, бес асықтан облыстық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары Чуутан Арзангүл мен Бердкей Маржангүл, тоғызқұмалақтан жас талант Қуандық Жанерке, сондай-ақ аудандық спорт мектебінің ардагер жаттықтырушылары Баранов Геннадий, Нукушев Құсайын және Намысов Нұралы бар.
Аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, спортшылардың табандылығы мен жетістіктеріне ерекше тоқталды:
«Спорт – бұл тек денсаулықтың кепілі ғана емес, ол – рухтың, жігердің, қайсарлықтың өлшемі. Сіздердің әр жеңістеріңіз Нұра ауданының абыройын асқақтатып қана қоймай, жас ұрпаққа үлгі болып келеді. Біз әрдайым сіздерге қолдау көрсетеміз. Алдағы уақытта да жаңа жетістіктерге жетіп, ел намысын абыроймен қорғай берулеріңізге тілектеспін» – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ шара барысында әкім спортшылармен еркін әңгімелесіп, олардың жоспарлары мен арман-мақсаттарын тыңдады. Ол жас буынға адал еңбек пен табандылық арқылы үлкен белестерді бағындыруға болатынын атап өтті.
Іс-шара соңында үздік спортшылар мен жаттықтырушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.