АУДАН ӘКІМІ ЕГІС АЛҚАПТАРЫН АРАЛАП, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚҰРЫЛЫМДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

АУДАН ӘКІМІ ЕГІС АЛҚАПТАРЫН АРАЛАП, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚҰРЫЛЫМДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

2025 жылғы 24 шілде күні Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов аудан аумағындағы егістік алқаптарды аралап, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесті.

Жұмыс сапары барысында аудан басшысы Қорғанжар ауылдық округіндегі "Ягода-KZ" шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалық биылғы жылы дәстүрлі картоп өсіруден бөлек, алғаш рет құлпынай, қияр және қарбыз егу жұмыстарын қолға алған. "Биыл сынақ ретінде ектік – судың жарамдылығын, жердің құнарлылығын тексергіміз келді. Болашақта негізгі өнім ретінде құлпынайды дамытуды көздеп отырмыз", – дейді шаруашылық өкілдері. Олар сондай-ақ: "Біздің өнім арқылы өзге өңірлер мен қалалар Нұра ауданын танитындай болса дейміз", – деген пікірлерімен бөлісіп өтті.

Сапар аясында аудан әкімі К.Мыңбаев ауылындағы "Нурислам" ШҚ-ның, Кертінді ауылындағы "Ай-дос" ШҚ мен "Алпыс" КШ-ның, Ақмешіт ауылындағы "Алтын жер" ШҚ-ның дәнді және майлы дақылдар егілген алқаптарын аралап көрді. Жиналатын өнімге дайындық барысымен танысты.

Сонымен қатар Бақытжан Мұқанов "Қайнар", "Отқанжар", "Жараспай", "Пржевальское" және "Шахтерское" серіктестіктерінің егістік жерлерінде болып, бидай, картоп, рапс және басқа да дақылдардың өсіп-жетілу жағдайымен танысты.

Аудан басшысы "Ержұманов", "Брехунец" шаруа қожалықтарының, сондай-ақ "Нұра-Астық" ЖШС-нің қызметімен танысып, шаруалармен кездесіп, күтілетін өнім көлемі бойынша пікір алмасты. Егінді ауылында орналасқан "Ержұманов" ШҚ-ның астық қоймасының құрылысы да назардан тыс қалған жоқ. Шаруашылық басшысы астықты сақтау орындарының маңыздылығын атап өтіп, болашақ жоспарларымен бөлісті. Ол ауылды дамытуға үлес қосып, жерлестерге қолдау көрсетудің маңыздылығына да ерекше тоқталды.

Ахмет ауылдық округіндегі "Қоғабаев" қожалығының да қызметі назарға алынды. Аталған қожалық дәнді дақылдардан бөлек, картоп пен жүгері өсірумен де айналысады. Аудан әкімі егіс алқаптарын аралап, суару жүйесімен және өнімді жинау мен өткізу жұмыстарының барысымен танысты.

Жұмыс сапарының соңында аудан басшысы "Черниговский и К", "Карой" ЖШС-лері мен "Досполов К.Е." ШҚ-ның егіс алқаптарында болып, шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

Аудан әкімі сапар барысында егіншілік бағытындағы жетістіктер мен мәселелерді саралап, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыру жолында жүйелі жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Жалпы аудан бойынша ағымдағы жылы 348 мың 300 гектар жерге егін себілді. Оның ішінде, астық дақылдары 298 мың 300 гектар.

- бидай 257 мың гектар,

- арпа 36 мың гектар,

- сұлы 5 мың 100 гектар.

Сонымен қатар 16 мың 300 гектар майлы дақылдар және 1 мың 100 гектар картоп, 20 гектар көкөніс отырғызылды.