
Бүгін Нұра ауданы Қорғаныс істері бөлімі ғимаратында салтанатты іс-шара өтіп, ауданның екі азаматына жоғары оқу орындарында білім алуға арналған білім беру гранттарының сертификаттары табысталды. Олар – мерзімді әскери қызметті абыроймен өтеп, жақсы жетістіктер көрсете білген жас сарбаздар.
Сертификат иегерлерінің бірі – 2004 жылы туған, Құланөтпес ауылының тумасы Садвакасов Дамир Бекзатұлы. Ол әскери қызметін Отар қаласындағы 75263 әскери бөлімінде өтеген. Дамир Алихан Бөкейхан атындағы Семей қаласының университетінде «Электроника және энергетика» мамандығы бойынша білім алуға мүмкіндік беретін грант сертификатына ие болды.
Екінші сертификат иегері – 2003 жылы туған, Қайнар ауылының тұрғыны Клименко Вадим Андреевич. Ол Қонаев қаласындағы 32363 әскери бөлімінде әскери борышын өтеген. Вадимге Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде «Көлік техникасы және технологиясы» мамандығы бойынша білім алу мүмкіндігін беретін грант сертификаты табысталды.
Сертификаттарды аудан әкімі Бақытжан Мұқанов жеке өзі табыстап, жастарға алдағы оқу жолында сәттілік пен жоғары жетістіктер тіледі. Сонымен қатар, ол бұл әлеуметтік қолдаудың жастар үшін ерекше маңыздылығын атап өтіп, аталған бағдарлама жас сарбаздарды әскери қызметке ынталандыруға, азаматтық борышын лайықты өтеуге және өмірде өз орнын табуға бағытталғанын жеткізді.
Бұл бастама – жас буынның бейбіт өмірге бейімделуіне, кәсіби дағдыларын дамытуға және болашақтағы мансап жолында қолдау көрсетуге арналған маңызды қадам.
Айта кетсек, сертификаттар 2 жыл ішінде жарамды. Осы мерзім аралығында сертификат иелері жоғары оқу орындарына құжаттарын тапсыруы тиіс.