Бүгін аудан әкімдігінде аудан әкімі Бақытжан Мұқановтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиналыс өтті. Жиын барысында ағымдағы жағдай бойынша бірқатар маңызды мәселелер қаралып, тиісті тапсырмалар берілді.
Аппараттық жиында келесі мәселелер күн тәртібіне шығарылды:
1. Аудан аумағындағы мәдениет нысандарын жөндеу жұмыстары;
2. Байтуған ауылын дамыту бойынша атқарылып жатқан шаралар;
3. Өрт қаупі жоғары кезеңнің өту барысы;
4. «Қаратал» КГП-ның 2025 жылға арналған жұмыс жоспарының орындалуы;
5. Құрылыс бөлімінің жобалары мен-сметалық құжаттамалары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар;
6. Инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстар;
7. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға тұрақтылығы;
8. БАҚ және әлеуметтік желілерде ақпараттық жұмыс жүргізу барысы.
Жиын барысында аудан әкімі ауылдық елді мекендерге өңдеу бағытындағы фабрикалар мен зауыттарды ашу арқылы инвесторларды тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, ауылдарда шағын нан пісіру цехтарын ашу бойынша да нақты ұсыныстар дайындау қажеттігін атап өтті.
Қазіргі таңда аудан бойынша су құбырлары желілерінің құрылысын аяқтау – басым бағыттардың бірі болып табылады. Осыған орай, аудан басшысы аталған құрылыс нысандарында күнделікті бақылауды қамтамасыз етіп, жұмыстардың уақытында әрі сапалы аяқталуын қамтамасыз етуді міндеттеді.
Сонымен бірге, елді мекендерді абаттандыру мәселесі де жиында кеңінен сөз болды. Аудан басшысы көше жарықтандыруын жақсарту, балалар ойын алаңдары мен скверлерді абаттандыру, көшелерді тазалау мен ретке келтіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Аппараттық жиын қорытындысы бойынша тиісті бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынатын болды.