АУДАНДА ҚЫЗЫЛ КІРПІШ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

АУДАНДА ҚЫЗЫЛ КІРПІШ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Бүгін Нұра ауданының Ахмет ауылында қызыл кірпіш өндіретін зауыттың құрылыс жұмыстары ресми түрде бастау алды. Аталған маңызды оқиғаға аудан әкімі Бақытжан Мұқанов, ауыл тұрғындары мен ақсақалдар Калык Шалабаев, Болат Ильясов, жергілікті қауымдастық өкілдері Ержан Омаров пен Серік Белгібеков ауыл имамы Боранбай Қабдісалім және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зарлық Мақсұтұлы қатысты.

Іс-шара аясында өндірістік жобаның басталуын білдіретін символикалық алғашқы шеге қағылып, ауыл ақсақалдары тарапынан құрылыс жұмыстарының сәтті әрі берекелі болуына арнап бата берілді. Сонымен қатар, Ахмет ауылының қоғам белсенділері мен ардагерлер кеңесі өкілдерінің қатысуымен салтанатты лента қиылды.

Аудан әкімі Бақытжан Мұқанов жиналған қауымды осы қуанышты жаңалықпен құттықтап, ауыл мен ауданның дамуы жолында инвестиция тартудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

— Бүгінгі бастама – тек бір кәсіпорынның құрылысы емес, бұл – ауданның болашағына бағытталған үлкен қадам. Қазіргі таңда ауылдық елді мекендерге инвестиция тарту – ең маңызды міндеттердің бірі. Жергілікті атқарушы органдар мен инвесторлардың бірлескен жұмысы елді мекендердің өркендеуіне тың серпін береді, – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Айта кетейік, қызыл кірпіш шығаратын зауыттың құрылысын "Бірлік Нұра" ЖШС жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны – 1,5 млрд. теңге, ал жылдық өндірістік қуаты – 3,5 млн. шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары алдағы үш ай ішінде аяқталады деп жоспарлануда, жыл соңында қажетті құрал-жабдықтарды жеткізіп, орнату жұмыстары жүргізіледі. Кірпіш өндіру процесі келесі жылдың басында іске қосылады деп күтілуде. Жоба аясында 80-нен астам адам жұмыспен қамтылады.

Бұл жобаның іске асуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.