СЕНАТ ДЕПУТАТЫ СЕРІК БАЛҒАТАЙҰЛЫ ӨТЕШОВ НҰРА АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

СЕНАТ ДЕПУТАТЫ СЕРІК БАЛҒАТАЙҰЛЫ ӨТЕШОВ НҰРА АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛДІ

Ағымдағы жылдың 1 шілде күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Өтешов Серік Балғатайұлы Нұра ауданына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында сенатор аудан орталығы Нұра кентінде бой көтеріп жатқан маңызды нысандар — Дәрігерлер үйі мен Өнер үйінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Аудан әкімі Бақытжан Мұқанов аталған нысандардың әлеуметтік маңыздылығына ерекше тоқталып өтті. Оның айтуынша, Дәрігерлер үйінің салынуы — ауданға жас мамандар мен денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлерді тартуға зор мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде дәрігерлерге жайлы өмір сүріп, кәсіби қызметпен айналысуға қолайлы жағдай жасайды.

Ал Өнер үйі — аудан орталығының басты мәдениет ошағы болмақ. Мұнда жастар мен түрлі жастағы тұрғындар үшін бұқаралық мәдени-ойын-сауық шараларын ұйымдастыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, ғимаратта жергілікті басқару органдары үшін әкімшілік бөлме де қарастырылған, бұл өз кезегінде тұрғындар мен атқарушы органдар арасындағы байланысты нығайта түспек.

Сапар барысында Нұра ауданы әкімінің аппаратында Нұра және Осакаров аудандарының ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен кеңейтілген жиналыс өтті. Кездесу барысында жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасына ұсыныстар енгізу мәселесі қаралды. Ауыл әкімдері тарапынан нақты ұсыныстар мен ескертулер айтылып, ауылдық жерлердің дамуына бағытталған жергілікті басқарудың әртүрлі тиімді тәсілдері талқыланды.

Кездесу мазмұнды әрі нәтижелі өтті, қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, болашақта жүзеге асырылуы тиіс бірқатар маңызды мәселелер бойынша ортақ пікірге келді.