Аудан әкімі Бақытжан Мұқановтың төрағалығымен аппараттық жиналыс өтті. Жиналыс бекітілген күн тәртібі бойынша ұйымдастырылып, бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Жиын барысында аудан басшысы мердігер ұйымдармен жұмыс сапасын күшейтіп, олардың қызметіне тұрақты бақылау жүргізуді тапсырды. Әрбір жоба бойынша нақты мерзім мен сапа талаптарының орындалуын қамтамасыз ету қажеттілігі атап өтілді.
Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселесі көтеріліп, аудан әкімі осы бағыттағы жұмысты күшейтуді, баға саясатын бақылауда ұстауды міндеттеді.
Қаңғыбас иттермен күрес те басты назарда болды. Бұл мәселені жүйелі түрде шешу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті мекемелерге нақты шаралар қабылдау тапсырылды.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын қолдау мен оларды елді мекендерде тұрақтандыру мәселесі қозғалды. Аудан әкімі ауылдан қалаға көшуді болдырмау үшін барлық жағдай жасалуы тиіс екенін айтып, инфрақұрылымды жақсарту, жұмыс орындарын көбейту және әлеуметтік қолдауды күшейту қажеттігін баса айтты.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатын болды.