КЕЗЕКТІ АППАРАТТЫҚ ЖИНАЛЫС ӨТТІ

КЕЗЕКТІ АППАРАТТЫҚ ЖИНАЛЫС ӨТТІ

2025 жылғы 2 маусымда аудан әкімінің төрағалығымен аппараттық жиналыста ауданның өзекті мәселелері қаралды.

Аудан басшысы аппараттық жиналысты бастамас бұрын, ауданда болған кадрлық өзгерістермен таныстырып өтті. Қарағанды облысы бойынша Қазынашылық департаменті басшысының 2025 жылғы 20 мамырдағы бұйрығымен және ішкі конкурстың нәтижелері бойынша 2025 жылғы 21 мамырдан бастап Серикова Жанагүл Төлегенқызы Нұра аудандық қазынашылық басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Сондай-ақ, Кертінді ауылының әкімі Ғалым Төлеубайұлы Хасенов басқа қызметке ауысуына байланысты қызметтен босатылды. Ғалым Төлеубайұлы, 2017 жылдан бастап Кертінді ауылының әкімі қызметін атқарды, ауданда 23 жылдан артық еңбек етті.

Жиналыс барысында аудан аумағындағы ағымдағы жағдай талқыланып, ауылдық округтердің экономикалық дамуына бағытталған шаралар сараланды. Ауыл әкімдерінің біліктілігін арттыру және оқыту нәтижелерін тәжірибеде тиімді қолдану міндеті қойылды.

Өрт қауіпті кезеңнің өту барысы назарға алынып, алдын алу шараларын күшейту тапсырылды. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қаралып, санитарлық тазалықты сақтау, экологиялық мәдениетті арттыру жұмыстары күшейтілетін болды.

Кеңесте 2025 жылға арналған коммуналдық қызмет мекемесінің жұмыс жоспарының орындалуы, құрылыс саласындағы жобалар мен құжаттамалардың әзірлену барысы қаралды. Аудан әкімі жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы қажеттігін атап өтті.

Инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығы да кеңестің күн тәртібінде болды. Бұл бағытта жүйелі мониторинг жүргізу тапсырылды.

Ақпараттық жұмыс пен әлеуметтік желілердегі белсенділікті арттыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Кеңес соңында аудан әкімі барлық бөлімдер мен мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын қатаң бақылауға алатынын айтты.