
Аудан әкімі Бақытжан Мұқановтың төрағалығымен кезекті аппараттық жиналыс өтті. Жиында ауданның өзекті мәселелері қаралды. Атап айтқанда,ауыл шаруашылығы, төтенше жағдай, құрылыс нысандарын жөндеу жұмыстарының барысы егжей-тегжейлі талқыланды. Аудан басшысы бұл бағытта белгіленген мерзімдер мен сапа талаптарының қатаң сақталуын тапсырды.
Өрт қауіпті маусымның басталуына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары да күн тәртібінен тыс қалмады. Әкім тиісті мекеме басшылары мен ауыл, ауылдық округ және кент әкімдеріне табиғи өрттердің алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды күшейтуді және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасының ауылдарда жүзеге асырылу барысы да сөз болды. Бұл ретте елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалық пен экологиялық мәдениетті арттыру мәселелері қозғалды. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың тек науқандық емес, жүйелі түрде жүргізілуі керектігін атап өтті.
Сондай-ақ, коммуналдық қызмет сапасын арттыру мен инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берілетіні айтылды. Құрылыс бөлімінің іске асырып жатқан жобалары мен жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу барысы да назардан тыс қалмады. Бұл жұмыстардың ашықтығы мен тиімділігіне ерекше мән берілуде.
Инвестиция тарту мәселесінде биылғы жылы қол жеткізілген көрсеткіштер мен жоспарлар тыңдалып, алдағы кезеңде бұл бағытта белсенді жұмыстар жүргізу тапсырылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі де ерекше бақылауда тұр. Сауда нүктелеріндегі бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу – жауапты мекемелердің басты міндеті ретінде қойылды. Аудан әкімі ауыл әкімдеріне ауылдық елді мекендерде баға тұрақтылығын сақтау мәселесін бақылауда ұстауды жүктеді.