
Мемлекеттік қызмет — ең алдымен қоғам алдындағы жауапкершілік, адалдық, кәсібилік және өз ісіне деген берілгендік. Көп жылдар бойы мемлекеттік қызметте абыроймен еңбек етіп, туған ауылдың дамуына және оның тұрғындарының әл-ауқатына өз үлесін қосқан жандар ерекше құрметке лайық. Осындай жандардың бірі — Темірбулатова Қалкен Есімқызы. Ол 2000 жылдан 2020 жылға дейін Шахтерское ауылы әкімі аппаратының бас маманы қызметін атқарды. Жиырма жылдық мемлекеттік қызмет жолында Қалкен Есімқызы өзін жауапты, білікті әрі адал маман ретінде таныта білді. Оның еңбек жолы халықпен күнделікті тығыз жұмыс істеумен, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешумен және әкім аппаратына жүктелген міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз етумен тығыз байланысты болды. Бүгінде осындай мамандардың тәжірибесі ерекше құнды. Олардың еңбек жолы кәсіби қызметін енді бастап келе жатқан жас мемлекеттік қызметшілерге үлгі болады. Өз міндеттерін адал әрі жауапкершілікпен орындау, азаматтарға құрметпен қарау және заңдылық қағидаттарын сақтау — заманауи мемлекеттік қызметтің негізі болуы тиіс.