Қазақстандықтар үшін жерге қатысты үш мемлекеттік қызмет жеңілдетілді

Қазақстандықтар үшін жерге қатысты үш мемлекеттік қызмет жеңілдетілді

2026 жылғы қаңтардан бастап қазақстандықтар жер қатынастары саласындағы үш негізгі қызметті онлайн түрде ала алады: жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту, жалға алу мерзімін ұзарту және жер учаскесін сатып алу.

«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ баспасөз қызметінде әрбір сервиске жеке-жеке тоқталды.

Мәселен, егер жер учаскесі ауыл шаруашылығы мақсатында рәсімделген болса, ал меншік иесі құрылыс жүргізуді жоспарласа, жердің нысаналы мақсатын өзгертуге өтінішті қашықтан беруге болады.

Жер учаскесін жалға алу мерзімін онлайн форматта ұзарту қызметіне келсек — егер жалға алу мерзімі аяқталуға жақындаса, оны ұзарту туралы өтінішті 90 күн бұрын онлайн тапсыруға болады.

Сонымен қатар, жер учаскесін жеке меншікке сату рәсімі де цифрландырылды. Жерді онлайн түрде — біржолғы төлеммен де, бөліп төлеу арқылы да сатып алуға болады, бұл меншік құқығын рәсімдеуді жеңілдетеді.

«Қызметтер Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесін, электрондық үкімет порталын және жергілікті атқарушы органдарды интеграциялау арқылы көрсетіледі», — деп нақтылады мамандар.