ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ-НАУРЫЗ!
Ұлыстың Ұлы күні, Әз-Наурыз мерекесіне орай, Егінді ауылының орталық көшесінде «Әз-Наурыз – игіліктер бастауы» атты мерекелік көпшілік шарасы өтті.
Күн мен түн теңелетін айтулы мерекеге жиналған қауымды Қыдыр Ата ақ батасына бөледі. Ауыл әкімі Мұрат Бейсекейұлы жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, ақ тілегін білдірді.
Халыққа әсем ән мен мың бұралған бишілердің өнері тарту етілді. Әз-Наурыз ән мен жырға қосылып, баталы тілекке арқау болды. Тігілген киіз үйде ақ дастархан жайылып, салт-дәстүр үлгілері көрсетілді.
Сахна төрінде ауыл көшелері арасында сайыс өтті, ауыл тұрғындары өз өнерлерін көрсетіп, ән айтып, би билеп, салт дәстүр үлгілерін көрсетті.
Осы күні қазақ күресі, қол күресі, тай жарыс, арқан тарту, жілік сындыру, кір тасын көтеру сайыстары өтіп, білекті жігіттер тартысты додаға түсті.
Мерекеге жиналған қалың қауым той-думан қызықтарын тамашалап, бір-бірімен қуана қауышып, ұлттық дәмнен ауыз тиіп жатты.
Бұл күн әрбір жанға жылулық пен көңіл бөлуді, ұрпақтар мен мәдениеттерді біріктіретін нағыз халықтық мейрамның шынайы рухын сыйлады.