АХМЕТ АУЫЛЫНДА ЖАҢА СПОРТ КЛУБЫ АШЫЛДЫ

АХМЕТ АУЫЛЫНДА ЖАҢА СПОРТ КЛУБЫ АШЫЛДЫ

Ахмет ауылында бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жаңа спорт клубының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға ауыл тұрғындары, ардагерлер, жастар, спортшылар және құрметті қонақтар қатысты. Жиында Нұра ауданының әкімі құттықтау сөз сөйлеп, тұрғындарды маңызды оқиғамен құттықтады. Ол Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес ауданда спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жаңа спорт клубының ашылуы – атқарылып жатқан жұмыстың нақты нәтижесі әрі әсіресе жас ұрпаққа спортпен айналысуға қосымша мүмкіндік беретін маңызды нысан екені айтылды. Сонымен қатар, спорт клубын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге үлес қосқан «Батыр боламын» қоғамдық қорына алғыс білдірілді. Аталған жобаның жүзеге асырылуы жастардың денсаулығы мен болашағына салынған маңызды инвестиция екені ерекше атап өтілді. Іс-шара барысында қатысушыларға спорт клубының ішкі инфрақұрылымы таныстырылып, бокс, жекпе-жек және күрес түрлері бойынша көрсетілім жаттығулары ұйымдастырылды. Қонақтар спорт нысанының материалдық-техникалық базасымен және жаттықтырушылар құрамымен де танысты. Жаңа спорт клубы алдағы уақытта Ахмет ауылы жастары үшін маңызды орталыққа айналып, тәртіпті, мақсатшыл және дене шынықтыруы жоғары азаматтарды тәрбиелеуге, сондай-ақ аудан мен ел намысын түрлі деңгейде қорғайтын болашақ спортшыларды даярлауға ықпал етеді деп күтілуде.