Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы

Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы

2022 жылдың 06 желтоқсаны күні Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында желтоқсан оқиғасы арқылы жүздеген жылдар бойы армандаған егемендігіне қол жеткізген, бабаларымыздың қанымен, білегінің күшімен, найзасының ұшымен келген киелі де қасиетті еліміздің Тәуелсіздігі күніне арналған «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты кездесу кеші өтті.

Кешке Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Энергетика, автоматика және телекоммуникациялар» факультеті «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша 1 курс  студенттері, Қарағанды қаласы «Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің» тәрбиеленушілері, жастардың «Ровесник» клуб мүшелері, кітапхана қызметкерлері қатысты.

         Шараның арнайы қонақтары Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің оқытушысы т.ғ.к, доцент Касимова Сәуле Сүйіндікқызы  ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы – Тәуелсіздік,  халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында қол жеткен, бұл күнге дейін жеткен ұмытылмас оқиғалар – ел бостандығын қорғау соғыстары мен ұлт-азаттық көтерілістердің тарихымызда өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталғаны жөнінде баяндады. Желтоқсан оқиғасының куәгері Абдрахман Абай мырза Тәуелсіздіктің түп – тамыры Желтоқсан оқиғасына тікелей байланысты екеніне, 1986 жылдың қайғылы желтоқсаны бір күнгі немесе бір жылғы наразылықтың көрінісі емес, бостандық деп аталатын асқақ арман жолында қаншама қан төгіп, қаншама батыр мерт болған, бұл арпалыс бір күн, бір жыл, бір мезет емес, талай ғасырларға созылған оқиға жайында әңгімелеп берді. «Ровесник» жастар клубының қызметкері, тарихшы Тілеубергенов Қайыржан Кәрімұлы  басынан талай қиындықты кешірсе де, ешқашан мойымай, күресе білген, азаттық таңы туатынына кәміл сеніп, үміттерін үзбеген - Қазақ халқының қайсарлығына тоқталды. Қарағанды қаласы «Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернатының» тәрбиеленушілері Әлжан Салауат «Тәуесіздік тұғыры», Бекеш Ермек «Қайрат Рысқұлбековтың монологін» жыр қылып шашу етті. Шара барысында көрермендер назарына Ұлық мерекеміздің аясында тәуелсіздік жолында еліміздің жүріп өткен қадамдарына шолу жасау мақсатында бейнебаян көрсетілді. Кеш соңында жүргізуші кітапхана әкімшілігінің атынан барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, қатысқандары үшін алғыс хат табыстады.