Ташкент қаласында Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының гастрольдік сапары жоғары деңгейде өтті. Театр ұжымы Өзбекстанның Мемлекеттік музыкалық комедия (оперетта) театрының сахнасында өнер көрсетіп, көрермендерге мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды.
Гастрольдік сапардың қорытындысы Гала-концертпен түйінделді. Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Лұқпанұлы Тұғжанов сөз сөйлеп, Қарағанды театрының шығармашылық ұжымына ізгі тілегін білдірді.
Гастрольдер екі театр арасындағы шығармашылық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланыстардың дамуына өз үлесін қосты. Өнердің халықтар мен елдерді жақындастыратын маңызды рухани көпір екені тағы бір мәрте көрініс тапты.
Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының ұжымы Өзбекстанның Мемлекеттік музыкалық комедия (оперетта) театрының әртістері мен қызметкерлеріне көрсеткен қонақжайлығы, жылы қабылдауы және жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық қолдауы үшін алғыс білдіреді.
Сондай-ақ театр ұжымы Ташкент көрермендеріне ерекше ризашылығын білдіреді. Көрермендердің ыстық ықыласы, шынайы эмоциясы мен зор қошеметі әртістерге үлкен қолдау көрсетіп, шығармашылық шабыт сыйлады.
Ташкенттегі гастрольдік сапар Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының шығармашылық байланыстарын кеңейтіп, екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.