Мәдениетке еңбек сіңірген үздіктер марапатталды!

Мәдениетке еңбек сіңірген үздіктер марапатталды!

Қарағанды қаласында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Қарағанды облысы әкімінің мәдениет және өнер саласындағы жыл сайынғы сыйлығын тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Мерекелік шараға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, мәдениет қайраткерлері, сала ардагерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен өңірдің мәдениет мекемелерінің қызметкерлері қатысты. Іс-шара «Garden Hall» мейрамханасында ұйымдастырылды.

Салтанатты кеш қызыл кілеммен қарсы алудан және ішекті квартеттің әсем әуенімен басталды. Ерекше мерекелік атмосфераны Академиялық музыкалық комедия театрының симфониялық оркестрі мен облыстың мәдениет қызметкерлерінің қатысуымен сахналанған көркем «Полонез» биі айшықтай түсті.

Іс-шара барысында облыс әкімі мәдениет саласының өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың рухани мұраны сақтауға, өнерді дамытуға және жас ұрпақты тәрбиелеуге қосып жүрген елеулі үлесін атап өтті.

Рәсім аясында мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды.

К.С. Станиславский атындағы облыстық орыс драма театрының актері Иван Немцев «Парасат» орденімен марапатталды. Ал мәдениет саласының ардагері  Тұңғышбай Мұқанға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.

Сонымен қатар, мәдениет саласының үздік қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері табысталды.

Кештің басты бөлігі Қарағанды облысы әкімінің сыйлығын түрлі номинациялар бойынша тапсыру рәсімі болды. Лауреаттар қатарында кітапхана, театр, вокал, хореография, музей ісі, мәдени-демалыс қызметі мен көркемөнерпаздар шығармашылығы салаларының үздік өкілдері бар.

Биыл алғаш рет «Жыл жүргізушісі» және «Ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған демалысты үздік ұйымдастырушы» атты жаңа номинациялар тағайындалды.

Кештің шығармашылық бағдарламасын облыс әртістері мен шығармашылық ұжымдарының, Академиялық музыкалық комедия театры солистерінің, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері  Салтанат Ахметова мен Сүндет  Байғожиннің өнер көрсетуі ерекше әсерге бөледі.

Мерекелік шара Қарағанды облысы мәдениетінің жоғары деңгейін, өңірдің шығармашылық әлеуетінің байлығын және өмірін өнер мен қоғамның рухани дамуына арнаған жандарға деген зор құрметті тағы бір мәрте айқын көрсетті.