К.Станиславский атындағы театрдың мерейтойы

К.Станиславский атындағы театрдың мерейтойы

Халықтар достығы орденді К.С.Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік орыс драма театры 6 қарашада 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Қазақ КСР Үкіметінің қаулысына сәйкес 1930 жылы Семейдің көркемөнер үгіт бригадасы үгіт және мәдени-бұқаралық жұмыс жөніндегі «Живая газета» мемлекеттік жылжымалы театр болып құрылды. 1932 жылы Түрксіб үгіт поезының құрамындағы жылжымалы театр болып қайта құрылады. Василий Портнов – театрдың тұңғыш директоры, көркемдік жетекшісі, әрі театрдың драматургі, кейіннен Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері атағына ие болды. Алғашқы кездері труппа оның жетекшілігімен қысқа әзіл пьесаларды, сахналық кішігірім көріністерді сахналады, кеңес драматургтарының пьесалары бойынша, кейін орыс және батысеуропалық классиктерінің спектакльдерін дайындай бастады. 1936 жылдан бастап театр Қарағанды облыстық орыс драма театры болып қайта аталып, Прибалхашстройға жіберіледі. 1937 жылы В. Портнов театрдың директорлығында қалып, көркемдік жетекші қызметін Ленинградтан келген Константин Раушқа ұсынады. К. Рауштың келуімен ұжымның кәсіби деңгейі көтеріліп, репертуар едәуір кеңейді. Театр ұжымы Балқашта жұмыс істеген кезеңде Қарағанды қаласына әр жаз сайын гастрольдермен келіп тұрды.

1940 жылы театр Қарағандыға қоныстанды. Ұлы Отан соғысы барлық халық үшін өте ауыр тарихи сынақ болды. Соғыстың алғашқы күндерінде театрдың 20 қызметкері өз еркімен майданға аттанды. Театрда концерттік бригада жасақталып, әртістер Прибалтикалық майдан әскерлерінің алдында өнер көрсетті. Кешкі спектакльдерден басқа, әртістер күндіз кешкі ауысым жұмыскерлері үшін қойылымдарды көрсетті. Жоспардан тыс спектакльдерден түскен қаражатты «Кеңестік Қазақстан» әуе байланысын құруға аударып тұрды. Қарағанды қаласына Мәскеу мен Киевтен театрлар көшірілді. Театр ұжымы 1942 жылы Балқаш қаласына қайта көшіріліп, Кеншілер мәдениет сарайының құрылысы аяқталғанға дейін қыс кезеңінде Балқашта, жазда Қарағандыда өнер көрсетіп жүрді. 1951 жылы Кеншілер мәдениет сарайының құрылысы аяқталғаннан кейін театр ұжымы Қарағанды қаласына біржолата көшті.

50-жылдар РКФСР еңбек сіңірген әртісі Александр Ходырев пен Молдавияның еңбек сіңірген әртісі Александр Москалев сынды дарынды режиссерлермен байланысты. Ұжым бұрынғыдай «жылжымалы театр» болып жұмыс істей берді. «Тың игеру жерлеріне барып тұрдық, клубтың сахнасында, машина ішінде, астық қоймаларында ұйықтап, ертеңгісінде спектакльдерді қоятынбыз», - деп театрдың ардагер әртісі Т. Козлова есіне алады. 1958 жылы Казақ КСР еңбек сіңірген әртісі Александр Подобед театрдың бас режиссері болды. Оның келісімен театр ұжымы жаңа деңгейге көтерілді: республика, одан кейін бүкіл Кеңес Одағы бойынша көптеген гастрольдерді ұйымдастырды.

Театр 1962 жылғы 8 желтоқсанда И. Штоктың «Ленинградский проспект» спектаклінің премьерасымен Бейбітшілік бульварында (бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы) орналасқан жаңа ғимаратта қоныс тойын тойлады. 1963 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен театрға шығармашылық қызметтегі жетістіктері үшін ұлы сахна реформаторы К.С. Станиславскийдің есімі берілді. 60-жылдары шығармашылық ұжымға Қазақ КСР еңбек сіңірген әртістері Александр Подобед, Григорий Жезмер, республиканың халық әртісі Рубен Андриасян басшылық етті. Осы кезеңде театрдың спектакльдері бірнеше рет республикалық конкурстардың лауреаты атанды. 1961 жылы директор лауазымына тағайындалған Виктор Борисов 1997 жылға дейін осы қызметті атқарды. Театрдың дамуына және өркендеуіне елеулі үлес қосты. Оның басшылығы кезінде өнер ошағы республика бойынша үздік театрлар қатарында болды. Бүкілодақтық масштабта театрдың атағы шықты. В. Борисов театр директоры бола отырып, сахнаны қимай, өзінің әртістік өнерін көрермендерге сыйлап жүрді.

70-жылдары режиссер лауазымын Қазақ КСР халық әртісі Рубен Андриасян және Марк Зильберман атқарды. Осы кезеңде де театрдың спектакльдері талай рет республикалық конкурстардың лауреаты атанды. Бүкіл Кеңес Одағы бойынша гастрольдік сапарлар ұйымдастырылды. 1979 жылы Мәскеу қаласында өткен гастрольдер К.С. Станиславский театры үшін үлкен жетістік болды. Гастрольдік репертуарда театрдың бас режиссері, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Николай Воложанин қойған спектакльдер басым болды. Пьесалардың авторлары В. Розов, А. Арбузов, В. Тендряков спектакльдерді тамашалап, жоғары баға берді.

1981 жылы КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумның Жарлығымен К.С. Станиславский атындағы театр Халықтар достығы орденімен марапатталды. 80-жылдары театрдың бас режиссері лауазымын Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Николай Воложанин мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Генрих Оганесян атқарды. Театр ұжымы Қазақстан және бүкіл Кеңес Одағы бойынша гастрольдерді ұйымдастырды. 1983 жылы Ленинград қаласында өткен гастрольдер сәтті өтті. Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ерсайын Тапенов қойылымындағы «Поэма о любви» спектаклі Ленинград телевизиясының алтын қорына кіріп, көптеген жылдар бойы спектакльдің бейне жазбасы жүйелі көрсетіліп отырды.

90-жылдары театр тізгінің бас режиссер лауазымын ҚР еңбек сіңірген қайраткері Генрих Оганесян ұстады. Осы жылдыры еліміздің басынан өткен қиыншылықтар, театрға да ауыр тиді. Құлдыраған Кеңес Одағы бойынша гастрольдер тоқтатылды, Қазақстан бойынша гастрольдерді ұйымдастыру үшін қаражат болған жоқ. Осыған қарамастан, сонау 30-жылдары «жылжымалы театр» атағына ие болған ұжым ауылдық аудандарда қойылымдарды жандандырды. 1999 жылы театр ұжымы ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбековтың қойылымындағы В. Арроның «Пять романсов в старом доме» спектаклі үшін республикалық театр фестивалінің лауреаты атанды.

ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығында театрдың көркемдік жетекші қызметін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Генрих Оганесян, Аманбек Сыздықов атқарды. 2002 жылы Генрих Оганесянның қойылымындағы М. Әуезовтың «Қаракөз» спектаклі үшін театр республикалық фестивальдің лауреаты атанды. 1997-2006 жылдар аралығында директор лауазымымен қатар көркемдік жетекші қызметін Генрих Оганесян атқарды. 2006 жылы Сергей Юн директор болып тағайындалды. 2000 жылдары театр ұжымы Ресейге (Омбы қаласына), сондай-ақ Алматы, Астана, Павлодар және Қазақстанның басқа қалаларына гастрольдермен барып қайтты. Осы кезеңде спектакльдерді сахналау үшін театр Қазақстанның және Ресейдің атақты режиссерлерін шақырды: ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Ә. Оразбеков, Ж. Хаджиев пен И. Гонопольский, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері Д. Горник, РФ еңбек сіңірген әртісі Н. Ширяев, «Алтын маска» номинанты В. Бородин, В. Здор және т.б. Театр репертуары үздік туындылармен толығып, шығармашылық әлеуеті артты.

2010 жылдары театрдың көркемдік жетекшісі лауазымын Асқар Алтынбеков, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Юрий Ханинга-Бекназар, бас режиссер қызметін Александра Большакова атқарды. Осы кезеңде театрдың директоры лауазымын Жомарт Әбілтаев, Сергей Юн атқарды. 2017 жылы ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Дунай Еспаев театр басшысы болып тағайындалды. 2010 жылы күрделі жөндеуден кейін театрдың ашылу күнінде театр ғимараты алдындағы алаңда әлемдегі тұңғыш К.С. Станиславскийге ескерткіш орнатылды.Театр ұжымы көптеген фестивальдерге қатысып, өз өнерлерін жоғары дәрежеде көрсетті. «Достық көпірі», «Сахнадан сәлем», «Встречи в России», «Буа: Диалог кеңістігі», «Славия – 2018» және т.б фестивальдердің, сонымен қатар халықаралық театр форумдарының дипломдарымен марапатталды. 2010 жылдары театр ұжымы Ресейге (Йошкар-Ола, Татарстан қалалары), сондай-ақ Алматы, Астана, Өскемен, Тараз және Қазақстанның т.б. қалаларына гастрольдермен барып қайтты. Осы кезеңде театр Қазақстанның, Ресейдің, Әзірбайжанның атақты режиссерлерімен белсенді ынтымақтастықты орнатты. 2019 жылы Қазақстанда алғаш рет АҚШ режиссері Джон Блонделл спектакль қойды.

Театрдың басты байлығы дарынды әртістер болып табылды. Қарағанды театрында Қазақ КСР халық әртістері В.Караваев, А.Демидова, В.Корниенко, В.Борисов, республиканың еңбек сіңірген әртістері К.Рауш, З.Горева, Г.Подзолкин, Н.Белкин, И.Калачанов, И.Кошелев, Т.Зеленин, Т.Давыдова, В.Макуш, Д.Белов, Л.Спасский, А.Зимарева, Г.Еремина, А.Григоров, Н.Штоколова, РФ халық әртістері А.Булдаков, В.Белецкий, Н.Константинова, И.Камышев, В.Леонов және т.б. еңбек етті.