Қарағандыда туризм саласының үздіктері марапатталды

Қарағандыда туризм саласының үздіктері марапатталды

Жаз айларында Қарағанды облысына 400 мыңнан астам турист келген. Өңірде ішкі туризммен қатар сырттан келетін туристер ағыны да артып келеді. Қазір саяхатшыларға 115 туристік бағыт ұсынылып, 17 сертификатталған гид қызмет көрсетеді.

Дүниежүзілік туризм күніне орай Қарағандыда өңірдің туристік әлеуетін дамытуға және насихаттауға үлес қосып жүрген сала мамандары мен белсенділері марапатталды. Оларға ведомстволық наградалар, Құрмет грамоталары және облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

— Бүгінде туризм — Қарағанды облысы үшін маңызды бағыттардың бірі. Табиғи және тарихи-мәдени туризммен қатар экологиялық, белсенді, спорттық, гастрономиялық және сауықтыру бағыттары да кеңінен танылып келеді. Бұл — кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және туристік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бірлескен күш-жігерімізбен өңірдің туристік әлеуетін толық ашып, оны қонақтар үшін бұдан да тартымды аймаққа айналдыра алатынымызға сенімдімін, — деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев.

Марапатталғандардың қатарында спорттық және экологиялық бағыттарды ұйымдастырушылар, туристік клуб өкілдері, туроператорлар, гидтер, демалыс орындарының иелері, сондай-ақ сауықтыру және ат туризмін дамыту жобаларына қатысушылар бар.

«Пока не исчезло» жобасының авторы Юлия Ляндаева үшін туризм — ең алдымен туған қаласын жаңаша танып-білуге мүмкіндік беретін сала. Ол бес жылдан астам уақыттан бері Қарағанды бойынша тарихи экскурсиялар ұйымдастырып келеді. Қазір жобаның жаяу және қала сыртындағы 15-ке жуық бағыты бар. Экскурсиялардың географиясы да облыс орталығынан әлдеқайда асып түскен.

— Өз қаласын танып-білуге деген қызығушылық артып келеді. Біз үнемі жаңа бағыттар ашып, туған өлкеміз туралы өзіміз де тың деректер біліп, оны өзгелерге айтып жүрміз. Қазір Қарағандыдан тыс жерлерге де шықтық. Теміртау, Ақтау, Саран, Долинка қалаларында, Осакаров және Бұқар жырау аудандарында экскурсиялар өткіземіз. Сонымен қатар Астанаға арт-турлар ұйымдастырамыз, — деді Юлия Ляндаева.

Қарағанды облыстық туристік клубының директоры Сергей Кистанов белсенді туризмге қызығушылық танытатын жастардың қатары көбейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, балаларға туристік дағдыларды ерте жастан үйреткен пайдалы. Бұл — жорыққа дұрыс дайындалудан бастап, шатыр тігуге дейінгі қарапайым дағдыларды қамтиды.

Кәсіпкер Ерлан Әшім туризмнің түрлі бағыттарында жұмыс істейтін азаматтарды бірігіп, тәжірибе алмасуға шақырды. Оның өзі тарихи орындарға баруды қамтитын ат туризмін дамытуға ден қойған.

— Қарағанды облысында тұрғындар мен қонақтарға көрсетуге лайықты қасиетті орындар мен көрікті жерлер көп. Ортақ мақсат жолында бейресми бірлестік құрып, тәжірибе алмасып, Ұлы даланың табиғаты мен тарихын бірге танытуымыз керек, — деді Ерлан Әшім.

Ертең, 3 қазанда, Қарағандының Орталық саябағының жағалауында Дүниежүзілік туризм күні аталып өтеді. Мерекелік шара аясында мотошеру де ұйымдастырылады. Шамамен 200 байкер колоннамен қаланы басып өтіп, Оңтүстік-Шығыс шағынауданынан Олимпийская көшесіне дейін жүреді.